Елімізде желтоқсан айының үшінші жексенбісінде Энергетиктер күні аталып өтеді. Бұдан бөлек осы энергетика саласындағы негізгі кәсіпорын «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК және Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы АҚ-ның құрылғандарына биыл 60 жыл толып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында белгілі болды.
– Кәсіби мерекеміз қарсаңында өткізілетін іс-шаралар тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұжымдық рухты нығайтып, энергетика саласының маңыздылығын көрсетуге бағытталмақ. Мерекені атап өту мақсатында үстел теннисінен және шахматтан жарыс өтеді. Оған 14-15 команда қатысады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 8 команданың қатысуымен «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ біліктілікті арттыру сайысы ұйымдастырылады. «Евразия спорт кешенінде» кіші футболдан өтетін турнирге 11 команда дайындалып жатыр. Іс-шаралар бильярдтан ашық турнирге ұласады. Бұл сайыс бойынша 16 команда бақ сынайды. Барлық іс-шаралар «Энергетика – ұлт қуаты» атты мерекелік концертпен қорытындыланады. Концерт барысында үздік энергетиктер марапатталып, танымал өнерпаздар қатысатын әсерлі бағдарлама ұсынылады, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек.
– Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы Энергетиктер күнімен біздің мекеменің 60 жылдығы қатар келіп отыр. 1964 жылдың мамырында облыстың шағын энерго шаруашылықтары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Энергетика және электрлендіру министрлігіне берілді. Сол жылдың шілдесінде Қызылорда қаласының электр тораптары мен аудандық дизель электр станциялары негізінде Электр тораптарының басқармасы құрылды. 1972 жылы ол Қызылорда электр тораптары кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылды, – деді Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның басшысы Батыржан Қаракөзов.
«Қызылордажылуэлектрорталғы» 1964 жылы целлюлозо-картон зауытының жылу беру цехынан бастау алады. Қаланың өсуі мен Байқоңыр ғарыш айлағына электр қуаты қажеттілігінің артуына байланысты Үкімет шешімімен Қызылордада жаңа электр станциясын салу қолға алынды. Нәтижесінде станция төрт кезекпен салынып, 1972 жылға дейін қаланы және Байқоңырды электр қуатымен қамтамасыз етті. Сол жылы станция республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосылды. 2005 жылдың 4 шілдесінде Қызылорда қаласы әкімінің №132 қаулысы бойынша «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды, – деді «Қызылордажылуэлектрорталғы» МКК директоры Дінмұхаммед Исламов.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<