Коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы күрделеніп, аурушаңдық көрсеткіші күн сайын өсуде.
Қызылорда облысы 13 қаңтардан бері «қызыл» аймақта. 25 қаңтарда 74 науқас тіркеліп, 33 адамда ауру белгілері анықталса, 41-де клиникалық белгілері байқалмаған. 80 жаңа ошақ тіркелді. 27 дерек 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында анықталды. Ал 26 қаңтар күні 134 жағдай тіркелді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, індет жұқтыру дерегі барлық жастағы азаматтарда кездесуде. Әсіресе, 20-29, 30-39 аралығындағы жастар арасында жиі анықталуда. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында да байқалады, оның ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилердің үлесі басым.
Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде аймақта коронавирус инфекциясынан бөлек, жіті респираторлық вирустық инфекцияның эпидахуалы күрделеніп тұр. Мәселен, кейінгі аптадағы көрсеткіш өткен кезеңдермен салыстырғанда ЖРВИ-дің 1,5 есеге артқандығын көрсетіп отыр. Ауру жұқтырғандардың 57,6%-і 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде, оның ішінде 10,6%-і – 1 жасқа дейінгі нәрестелер. Осы орайда мамандар коронавирус инфекциясы ЖРВИ-дің өзге де түрлерінде кездесетін клиникалық белгілеріне өте ұқсас екенін, сондықтан қандай да белгі байқалса, өз бетімен емделмей, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуді сұрайды.
Жалпы 26 қаңтарда Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «сары» аймақта Түркістан облысы ғана тұр. Қалған өңірлердің бәрі «қызыл» аймақта. Ал «жасыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ. Осы күні республика көлемінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 11862 жағдай тіркелді.
Аурудан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина екенін әу бастан айтып келеміз. Облыста 26 қаңтардағы мәлімет бойынша вакцинаның I компонентін 419155 адам (92,6%) салдырса, II компонентпен 398144 адам (88%) қамтылды.
Апта басында аймаққа 40 мың доза «SINOVAC» вакцинасы жеткізілді. Бұл екпені тұрғындар І, ІІ компонент үшін де, ревакциналауда да салдыра алады. Мұның алдында ресейлік «Спутник лайт» вакцинасының 8 мың дозасы келген болатын. Аталған екпені тұрғындар ревакциналау мақсатында пайдаланады. Қазіргі таңда емханаларда вакцинаға тапшылық жоқ.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<