Эпидахуал мен су тасқынына әзірлік тиянақтылықты талап етеді

408

0

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен  Үкімет отырысында еліміздің  қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы және су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері талқыланды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысымен жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық ахуалы тұрақты болды. Алдын алу шараларының арқасында оба, тырысқақ, полиомиелит сияқты 20-дан астам қауіпті жұқпалы ауру тіркелген жоқ. Сондай-ақ коронавирус, ротавирус және жіті ішек инфекциялары бойынша сырқаттанушылық төмендеді. Жыл соңында елде 29 мыңнан астам қызылша жұқтыру дерегі тіркелді, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Осыған байланысты Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы, басқа да профилактикалық екпелерді салу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, бірқатар облыс әкімдері, сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су тасқынына әзірлік туралы хабарлама жасады.

– Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, су тасқынының алдын алу үшін барлық шаралар қабылдануда. Өзен арнасына күнделікті бақылау жүргізілуде. Қауіпті учаскелерге арнайы техникалары бар жауапты мекемелер бекітіліп, қажетті материалдық-техникалық қор толықтай жасақталды. Су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда, – деді аймақ басшысы.

Өңірдегі «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар» Жол картасына 17 іс-шара енгізілген. Қазір 8-і толықтай аяқталған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен жоспарланған 6 жоба толықтай орындалған. Елді мекендерді су басу қаупінен сақтау мақсатында республикалық бюджеттен жоспарланған 2 жоба жергілікті бюджет есебінен атқарылса, 1 жоба жалғасуда. 2 жобаны өзектілігі жойылуына байланысты Жол картасынан алып тастау жөнінде ұсыныс берілген. Біріншісі – «Қызылорда қаласы шегінде Сырдария өзенінің жағалауын нығайту және реконструкциялау» жобасы. Онда қарастырылған жұмыстар жағалаудағы жол құрылысы барысында бірге атқарылды, сондықтан оны іске асырудың қажеті жоқ. Бұл жобаға республикалық бюджеттен бөлінетін 9 млрд теңге үнемделді. Екіншісі – «Қызылорда қаласы шегінде Сырдария өзенінің арнасын тазалау» жобасы өзендегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты тоқтатылды. Нәтижесінде бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қажетті 3,5 млрд теңге үнемделді. Қалған 5 жобаның сметалық құжаттамасына қайта түзетулер енгізіліп, Төтенше жағдайлар министрлігіне республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Жол картасы мерзімінің аяқталуына байланысты бұл жобалар «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» енгізіліп, мемлекеттік органдар қарауына ұсынылды.

Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, аталған мәселелер бойынша негізгі жұмыс бағыттарын белгіледі. Аймақта профилактикалық бағыттағы жаппай, жоспарлы және толықтырып иммундауды әрі қарай жоспарлы түрде жалғастыру қажеттігін ескертті.

– Отырыста Үкімет басшысы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде аса қауіпті және жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын жүйелі әрі сапалы жүргізуді тапсырды. Өңірімізде коронавирус инфекциясы 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 55 есе төмендеген. Алайда, өткен жылы қызылша ауруының 1682 жағдайы тіркелді. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, қараша айынан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау шарасы өтті. Қазір облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты, – деді аймақ басшысы.

Мәжіліс қорытындысымен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қызылша, қызамық, паротит және коронавирус инфекциясының таралуын болдырмауда атқарылуы тиіс жұмыстар тапсырылды. Алдағы уақытта оқу орындарында эпидемияға қарсы профилактикалық іс-шаралар толық ұйымдастырылуы тиіс. Халық арасында иммундаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Меншік нысанына қарамастан, облыстағы балабақша балаларының екпе құжаттарына ревизия жүргізіп, егілмеген балаларды ата-аналарының рұқсатымен жаппай иммундау шараларына тарту маңызды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына вакциналау жұмыстарын жалғастырып, жалған профилактикалық егудің алдын алу туралы тапсырма берілді.

Ал су тасқынының алдын алу бойынша Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтіп, тәулік бойы кезекшілікті жалғастыру тапсырылды. Су басу аймағына жақын орналасқан елді мекендерде инертті материалдар қорын шоғырландырып, қажет болған жағдайда инженерлік жұмыстарды ұйымдастыру міндеттелді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдардың дайындығын үнемі әзірлікте ұстап, мониторинг жұмыстарын жалғастыруға жауапты болмақ. Ал «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы «Шардара» су қоймасынан босатылатын су көлеміне тұрақты бақылау жасап, облыс аумағына қауіпсіз мөлшердегі судың жіберілуі бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жасайды.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<