Эпизоотикалық жағдай тұрақталуда

875

0

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының шығуы себепті әкімдіктің 23 қыркүйектегі № 255 қаулысымен 8 ауданның 18 елді мекенінде карантин енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

25 қыркүйектегі жағдайға қарағанда Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 39 елді мекенінде 164 175 әртүрлі бас үй құстарының қырылып қалуы тіркелді сонымен қатар жеке аулаларда 14 384 бас өлімі тіркелді, деп жариялады эпизоотиялық жағдай бойынша журналистерге баяндаған Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және байқау комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының  басшысы Марат Ыбыраев.

Ол әрбір құс өсіру шаруашылықтарындағы жағдайларға да тоқталды. Соның ішінде «Адель құс» ЖШС, «Петропавл бройлер птицефабрикасы» ЖШС, «Есіл» ҚФ ЖШС, «ПСХ» ЖШС,  «Якорь құсфабрикасы» ЖШС-да жақсы денгейде қорғанысты қамтамасыз ету арқасында жағдайлары қанағаттанарлық екенін жеткізді. Құс бастарына вакцинация егілуде, барлық биологиялық қамтамасыз ету шаралары қолданылуда. Кәсіпорындардың бәрі жабық режімде жұмыс істейді.

Барлық карантин пункттерінде карантиндік бекеттер қойылды, эпизоотиялық ошақтарды оқшаулау ұйымдастырылды және қамтамасыз етілді, деді ол. «2020 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ауру көздері болып табылатын құстарды алып қою және жою туралы қаулысы шықты. Бүгінгі күні осы жұмыстар барлық карантин пункттерінде басталды», деді М.Ыбыраев.

Облыс аумағында құс тұмауын жою үшін келесі көлемде  құралдар мен күштер қатыстырылған:

Республикалық эпизоотияға қарсы отряд – 9 бірлік техникалар, сонымен қатар бір инсенератор. Қосымша ветеринарлық станцияларға 7 инсенератор беру қарастырылуда. Ауруды жою кезіндегі іс-шараларды үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылған. Барлық мүдделі қызметтер мен ведомстволардың өзара әрекеті ұйымдастырылды. Инфекция ошағынан 20 км радиустағы жеке аулаларда үй құстарына вакцина егіліп жатыр. Бүгінгі таңда 85 559 бас құсқа вакцина егілді.

32 бірлік арнайы техника мен ветеринариялық мамандар қатарынан 201 адамнан тұратын жеке құрам жұмылдырылды. Иелеріне өтемақы төлеу үшін алып қойылатын және жойылатын құстардың орташа айлық нарықтық құнын айқындау жөніндегі комиссия құрылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Құстардың ауруы және қырылуы бойынша күн сайынға мониторинг деректері негізінде елді мекендерде ауру деңгейі тұрақталуда екенін байқауға болады. Атап айтқанда М.Жұмабаев ауданының Чистов ауылында, Жамбыл ауданының Новорыбинка ауылында және тағы басқа да ауылдарда осындай хал байқалуда. Тұрғындар құс бастарын оқшаулау бойынша шектеу шараларын сақтауда, ошақтарда құстарды алып қою және жою бойынша жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде барлық құстар клиникалық жағдайына қарамастан қырылу жағдайы болған аулаларда алынады. Одан кейін дезинфекция жұмыстары өткізіледі. Елді мекендердегі барлық құс бастарын күн сайын клиникалық қарау арқылы ветеринарлық бақылау өткізіледі. Егер эпизоотиялық жағдайлардың дамуы оң динамика көрсетсе, онда осы елді мекендердегі құстарға вакцинация өткізіледі, бірақ карантин аяқталғанша барлық карантиндік шаралар сақталады.

«Өлген құстардың бағасына қатысты келесіні хабарлаймын. Ветеринарлық қызметтермен тіркелген қырылған және алынған барлық құс бастарының бағасы өтеледі. Қазірдің өзінде құстары қырылған аулалардағы жануарлар иелері жеке шот ашу қажет және қырылған құс бастары ауылдық әкімдіктің деректерімен салыстырылған анықтама алу керек», деді М.Ыбыраев өзінің сөзінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<