Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда аймақ басшысы орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері жағымды үрдіске айналған жағдайды мақтанышпен айта аламыз. Ол – облыстан тәлім алған білікті мамандардың республиканың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүргені. Бүгін сондай үрдістің жалғасы ретінде бұған дейін облыс әкімінің орынбасарлары қызметін атқарып келген Серік Қожаниязов пен Серік Сүлейменовті жаңа қызметке шығарып салғалы тұрмыз. Серік Қожаниязов Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, ал, Серік Сүлейменов Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметтеріне тағайындалды. Серік Жүсіпұлы өңірімізде 2015 жылдан бастап еңбек етіп келді. Оның бастамасымен бірқатар келелі мәселелер өз шешімін тапты. Серік Салауатұлы да аймақ дамуына еңбек сіңірген азамат. «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссияның жұмысын тиімді үйлестіріп, нәтижесінде бірқатар мәселелерді шешуге белсенді атсалысты. Сондықтан екі азаматқа алғысымды білдіремін және болашақ жұмыстарына табыс тілеймін, – деген аймақ басшысы оларға облыстың Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай иықтарына шапан жапты.
Өз кезегінде Серік Сүлейменов пен Серік Қожаниязов облыс әкіміне, әріптестеріне алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, мәжілісте жаңа орынбасарлар да таныстырылды. Белгілі болғандай, облыс әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Мұрат Имандосов және Бақытжан Намаев Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары қызметтеріне тағайындалды. Аймақ басшысы оларға сәттілік тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<