Биыл облыс бойынша пайдаланылмаған жердің 155 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Иә, әу баста Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетімен өңірлер бойынша қайтарылатын жер көлемі бекітілген еді. Біздің аймақтан 150 мың гектар жерді қайтару керек болса, облыстағы жауапты департамент 250 учаскеден тұратын 155 мың гектар жерді Үкіметке өткізді. Осының ішіндегі 51 мың гектары облыстық жер ресурстары департаментінің талап-арызы негізінде сот шешімі арқылы алынған. Ал бұл жердің барлығы алдағы уақытта конкурсқа қайта шығарылмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылғандай, игерілмей бос жатқан жерді қайтару жұмыстары енді қарқын ала бастағандай. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссия шешімімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған. «Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын» деген Мемлекет басшысы сөзінің маңыздылығы енді артып келеді.
Жерге ғарыштық мониторинг жүргізілуде
Биыл жыл басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізілген еді. Бұл бойынша Кодекс жаңа 145-1-баппен толықтырылған. Аталған бап бойынша шаруа немесе фермер қожалығының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдаланбау немесе ұтымсыз пайдаланудың уақытылы жолын кесу және алдын алу, бақылау субъектісіне анықталған заң бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру және оған қатысты әкімшілік жүктемені азайту сынды жұмыстар бақылау объектісіне бармай-ақ профилактикалық бақылауда болады.
Осы бапты іске асыру мақсатында тамыз айының соңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ғарыштан жерді қашықтықтан зондтау деректерін ұсынудың кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығы шықты. Бұйрық бойынша қыркүйек айында салалық министрліктерге қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті мен Аэроғарыш комитеті «Бақылау объектісіне (пайдаланусыз немесе зиян келтірілген жер) бармай-ақ профилактикалық бақылау шеңберінде «JerInSpektr» платформасы арқылы жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін беру кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін» бекітіпті. Ол бойынша барлық органдар жасайтын іс-әрекет пен оны орындау мерзімі белгіленген. Атап айтсақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесінің негізгі ұлттық операторы болып отыр.
Бұл компания жыл бойы жер пайдаланушылардың жұмысына ғарыштық мониторинг жүргізіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбау немесе дұрыс пайдаланбаған жағдайда, сол учаскелер бойынша инцидент карточкаларын 1 қыркүйектен кешіктірмей, сол жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына «JerInSpektr» платформасы арқылы жолдайды.
– Бұл корточкалар аудан немесе қала әкімшілігіндегі жер қатынастары бөлімдері бойынша бекітілген арнайы маманға түсіп отырады. Ол қыркүйектің соңына дейін әрбір инцидент карточка бойынша талдау жасап, иесінің жерді жөнсіз немесе мүлде пайдаланбағаны расталса, сол ақпаратты Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелеріне (облыстық департаменттерге) жолдайды. Ал жерін дұрыс мақсатта пайдаланса, оны куәландыратын құжаттарды қоса тіркеп, кері қайтарады. Бүгінде қыркүйек пен қараша аралығында жердің басына бармай-ақ осылай профилактикалық бақылау жүргізілуде. Тағы бір түсіндіретін жағдай, осы бақылау жұмыстары барысында ешқандай әкімшілік іс қозғалмайды. Алдымен, біз анықталған әрбір учаске бойынша жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқау (ескертпе хат) жолдаймыз. Бұл нұсқау жер иесіне қолма-қол табыс етіледі немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта арқылы да жүзеге асыруға болады. Тағы бір жолы, жер иесінің мобильді нөміріне 1414 қызметі арқылы СМС-хабарламамен автоматты түрде жолданады, – дейді облыстағы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Марат Көшеков.
Департамент басшысының айтуынша, нұсқауды алғаны туралы бірінші белгі қойылған күннен бастап жер иесіне бір жыл уақыт беріледі. Аталған мерзімде жер иесі не шаруашылық басшысы кемшілікті жойып, заңсыздықты қалпына келтіруі тиіс. Сондай-ақ ғарыштық мониторингтен бөлек, әр жер учаскесінің жеке адамға берілетіндей құжаты болатынын ескерсек, ондағы барлық мәлімет бойынша да жерін пайдалану не пайдаланбай отырғанын да анықтауға болады.
Баса назар аударатын жағдай, егер жер иелері нұсқау талаптарын бір жыл бойы орындамаса, жергілікті департамент бақылау объектісіне (пайдаға аспаған жер) барып, жоспардан тыс профилактикалық бақылау-тексеру жүргізеді. Нәтижесімен заң бұзушылық қайта анықталса, яғни, жерін пайдаланбаса, онда Кодекс талаптарына жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама (бұл жолы нұсқау емес) беріледі және әкімшілік құқық бұзушылық заңына сәйкес шара қолданылады.
Бұл жолы жер иесіне берілген нұсқама жер учаскесіне құқық ауыртпалығы ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады және салық заңнамасына сәйкес жер салығы бұрынғыдан 20 есеге дейін артады. Сондай-ақ, нұсқама талабы өз мерзімінде орындалмаса, аймақтағы жер ресурстарын басқару департаменті арқылы сотқа жер учаскесін мәжбүрлі түрде алып қою жөнінде талап-арыз беріледі.
Күмәнді 450 мың гектар жер бар
Жоғарыда айтқандай, биылғы 9 айдың қорытындысымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ жерді ғарыштан қашықтан зондтау арқылы өңір бойынша күмәнді саналатын 450 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталған. Оның ішінде 447 мың гектар жайылымдық болса, қалған үш мыңы – егін алқаптары.
Осы бойынша қазір инцидент карточка тізбесі жасалып, «JerInSpectr» платформасы арқылы әр аудан мен қаладағы жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орындарға жолданған. Дұрысы, күмәнді деп танылған осынша жер пайдаланылуда ма, жоқ па?! Осы мәселені анықтау үшін бүгінде талдау жүргізіліп, департамент пен қала және аудандардағы жер қатынастары жөніндегі мамандар арқылы көлемі 98 мың гектар болатын 445 жер учаскесінің иелеріне жер заңнамасының талаптарын бұзушылықты жою туралы нұсқау (ескерту) жолданыпты. Әрі бұл жұмыс желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.
– Бір назар аударатын нәрсе бар. Мысалы, жеке шаруа қожалығы бар адамның бірнеше жыл жалға алған жайылымдық жері болады. Бірақ қожалық иесі өзіндегі малды шаруашылықтың емес, дерекқорда жеке басына тіркеп қояды. Сәйкесінше, ол жерін пайдаланбаған болып есептеледі. Міне, осындай түсінбеушіліктер орын алып жатады. Екінші бір жағдай, шаруашылық есебіне мал тіркелсе де, нормадан, яғни, 20 пайыздан аз болмағаны дұрыс. Мысалы, әр мал басына бекітілген жер көлемі бар. Біздің облыстағы жер жағдайына қарай төрт түліктің әрбір басына, яғни, сиырға 15, қой мен ешкіге 3, жылқыға 18 және түйеге 21 гектар жайылымдық жер алаңы бекітілген. Осыны да ескеру керек. Сондай-ақ СМС-хабарлама мен пошта арқылы келген нұсқауды түсінбей, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тұрғысында сұрақтар туындап жатады. Дұрысы, жер иелері аудандық жер қатынастары бөлімі немесе облыстағы жер ресурстарын бақылау департаменті мамандарына жолығып, кеңес алғаны дұрыс, – дейді облыстағы жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев.
Жалпы біздің облыстың аумағы 24,1 млн гектарды құраса, бұл республиканың 8,3 пайыз жер көлемі болып есептеледі. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Сұлушаш Айтбаеваның айтуынша, бізде ауыл шаруашылығына тиісті 2,9 млн гектар жер бар. Оның ішінде егістікке қатысты 181,1 мың гектар. Ал 2,9 млн гектарды пайдаланушы тұлғалардың саны – 6125. Оның ішінде 5637 шаруа қожалығы болса, қалған 488-і заңды тұлғалар.
– Жеке және заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысуы үшін жыл сайын жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Мысалы, 2013-2021 жылдары облыс бойынша 705,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері берілді. Былтыр осы сала бойынша айналымға 77 мың гектардан аса жер енгізілсе, биылғы жоспар артығымен орындалды. Бүгінге дейін жоспардағы 60 мың гектар жердің орнына 64,63 мың гектарды құрайтын 180 учаске шаруашылықтардың қажеттілігіне табысталды, – дейді Сұлушаш Айтбаева.
«Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық». Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаншама мың гектар жерді алса да, еш қажетке жаратпаған иелеріне сын айтты.
Расымен, сан мың гектар жерді «бауырына басса да» не оған мал өсірмей, не егін екпеген иесі көп. Кейбір елді мекен маңайындағы бос жатқан жерді қоршауға алып, ауылдағы ағайынның төрт түлігіне де жайылымдық жер жетпей жатады. Әрине, мұның арты дауға айналары сөзсіз. Енді жайылым жері болса да, бірде-бір мал ұстамайтын агроқұрылымдарға жауапты сәт тақалған сияқты.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<