Кәсіби маман қалай шыңдалады?

1980

0

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен  Қызылорда медициналық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Денсаулық сақтау саласындағы техникалық және орта білімнен кейінгі кәсіби мамандарды даярлау мен кәсіби іске асырудың заманауи талаптары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышева, республика бойынша медициналық оқу орындарының, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдік оқу орындарының өкілдері мен денсаулық саласының мамандары  қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов жүргізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы  меймандарға шақыртуды қабыл алып, Сыр еліне келгені үшін алғыс айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференцияда департамент директоры Алмагүл Қауышева, республикалық жоғары медициналық колледж директорының орынбасары Гүлдан Сахова, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының сектор меңгерушісі Жанар Ботағарина, Латвия медицина университетінің Ригалық бірінші медициналық колледжі әкімшілік бөлімінің меңгерушісі Агия Пажа, Түркияның Medipol Mega Hospital ауруханалар кешенінің мейіргер ісі бойынша директоры Мерием Капанчы,  Қырғызстан медициналық колледждері ассоциациясының президенті Озгонбай Станбаев және бірқатар сала мамандары  баяндама жасады.  Одан соң қатысушылар  техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында медицина және фармацевтика қызметкерлерін оқыту мен  үрдістерді, инновацияларды, кедергілер мен өзекті тенденцияларды талқылап, тәжірибе алмасты.

Конференция жұмысы одан соң панельдік сессияға жалғасты.

Айта кету керек, биыл облыс әкімінің қолдауымен  колледждің оқу-зертханалық, симуляциялық кабинеттері және оқу ғимараттары жаңғыртылды. Бағдарлама бойынша қонақтар Қызылорда медицина колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Студенттердің тәжірибелік сабағын өткізу үшін ашылған жылыжайға Іле Алатау бөктерінде жерсіндірілген шетел және Қазақстан флорасынан дәрілік өсімдіктің 60-тан астам түрі әкелінсе, 43 түрі тұқым арқылы себілген болатын. Болашақта жергілікті флораның дәрілік өсімдікпен  қатар, сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін де осында өсіру жоспарда бар.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда тек қана орта буын қызметкерлерінің білімін жетілдіруге облыстық бюджеттен 532 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 1543 орта буын қызметкері білім деңгейін көтерді. Одан бөлек, 167 маман облыс әкімінің грантымен резидентурада оқып жатыр.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<