Қазақстандық патриотизм мен кәсіби мақтанышты және адами ынтымақтастықты тәрбиелеу мақсатында 30 қыркүйек ресми түрде Әділет органдары қызметкерлерінің күні болып танылды. Бұл күн еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылдың 20 қазанындағы №164 Жарлығымен әділет органдары қызметкерлерінің күні болып белгіленген болатын.
Өз тарихында Әділет органдары мемлекеттіліктің нығаюы мен дамуына, заңнаманы жетілдіруге, әділеттілік ұстанымын бекітуге, азаматтардың конституциялық құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғауға және жүзеге асыруға әрдайым белсенді үлесін қосты. Бұл күн қарапайым, бірақ азаматтар мен мемлекет игілігі жолында сұранысқа ие мыңдаған Қазақстан Республикасының Әділет органының қызметкерлерінің күні.
Мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде атқарушы органға қарайтын Қазақстан Республикасының әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режіміне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы билік органдары болып табылады.
«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әдiлет органдарының мiндеттерi жалпы мемлекеттiк даму стратегиясын әзiрлеу мен iске асыруға қатысу, заң жобалау жұмысын жүргiзу, заңнаманы талдау, жетiлдiру, жүйелеу, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына заң сараптамасын жүргiзу арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдiгiн, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, Қазақстан қоғамы мен мемлекетiнiң тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңнаманы қалыптастыру. Осы орайда, Әділет органдары мемлекеттік қызметті құқықтық тұрғыдан қамтуды жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырып келеді. Еліміздің заңнамаларын дайындауда да әділет органдарының орны ерекше. Әрбір заң жобасы Парламентке бармас бұрын ҚР Әділет министрлігінде өңдеуден өтеді.
Әділет органдарының міндеттерінің бірі – құқықтық көмекті және заң қызметін көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету арқылы халықтың құқықтық мәдениетін арттыру. Бұл – құқықтық мемлекет болып қалыптасудың алғышарты. Қазақстан мемлекеттілігінің дамуымен қатар, әділет органдарының рөлі де өзгеріп, олардың қызметі жаңа мазмұнмен толығып, құрылымдық функциясы да жаңа арнаға түсіп отырады. Бірақ та алдында тұрған міндеттер қалай өзгерсе де, әділет органдары қызметінің басты мазмұны – заңдылық пен құқық қорғауды нығайту, мемлекеттік мүддені қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң бұзушылықты болдырмау болып қала береді.
Сот актілерін орындау сот әділдігін іске асырудың соңғы қорытындысы және азаматтардың құқықтарын қорғауға конституциялық кепілдігін қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.
«Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамына сәйкес атқарушылық іс жүргізу саласын түбегейлі реформалау жүргізілді.
Жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамытуды және сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін кезең кезеңмен қысқартуды көздейтін шешім аталған реформаның түйінді сәті болып табылады.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушыларының құзыретіне мемлекеттен 1000 АЕК асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы құжаттарды, мемлекет мүддесінде жүргізілетін үйден шығару, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою бойынша істерді қоспағанда, атқарушылық құжаттардың барлық санаттары берілді, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының өкілеттіктері кеңейтілді.
Заңнамаға жеке сот орындаушылары институтын дамытуды көздейтін өзгерістердің енгізілуіне байланысты мемлекеттік сот орындаушыларындағы атқарушылық құжаттар санына қарағанда, жеке сот орындаушыларындағы атқарушылық құжаттар санының көбейгені байқалады.
Халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – әділет органдарының басты міндеті болып табылады, ал сапалы мемлекеттік қызмет көрсету азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды көрінісі.
Әділет органдарымен 2018 жылы мемлекеттік қызметтің 20 түрі көрсетілген. 2019 жылдан бастап 12 қызмет түрі көрсетіледі.
Қызмет түрлерінің азаюы бірқатар тіркеу функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілуіне байланысты.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 24 мамырдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының аясында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асыру мемлекеттік корпорацияға берілді.
Бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтерді бір жерде алуға мүмкіндік береді және оларды қамтамасыз ету үшін бизнес үдерісін айтарлықтай азайтты.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 2 сәуірдегі Заңының талабына сәйкес, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаны тіркеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен бастап мемлекеттік корпорация жүзеге асыруда.
Алайда, Әділет департаментінің құзыретінде, Корпорацияның жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және заңды тұлғаларды тіркеу қызметіне бақылау және методикалық көмек көрсету функциялары қалдырылған.
2018 жылдан бастап нотариаттық, адвокаттық және жеке сот орындаушылар қызметімен айналысуға лицензия алу бағыты бойынша көрсетілетін қызметтер электронды форматқа көшті.
Тұрғындармен мемлекеттік қызметтің электронды түрін қолданудың тиімділігін түсіндіру мақсатында Мемлекеттік корпорациямен бірлесе құқықтық түсіндірме, насихат жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Бүгінде әділет органдары өз жұмыстарын оңтайландыру мақсатында аянбай еңбек етуде.
Әділет қызметкерлері әрдайым Қазақстан Республикасындағы мемлекеттілікті нығайту мен дамытудың, заңнаманы жетілдірудің, әділеттіліктің принциптерін орнатудың, азаматтардың конституциялық құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау жөніндегі маңызды міндеттерін орындап келеді. Әділет органдарын жетілдіруде ардагерлердің де қосқан үлестері орасан зор.
Осы айтулы, Әділет органдары қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесінде әріптестеріме, әділет органдарының ардагерлеріне зор денсаулық, сәттілік және қызметте жаңа жетістіктер, кәсіби өрлеу мен үлкен абырой, жақындарыңызға амандық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріміз жемісті болсын!
И.Бакишева,
Қызылорда облысының Әділет департаментінің басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<