Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімдігінде салтанатты шара өтті. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов сала ардагерлері мен мамандарын марапаттап, төл мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген халықпыз. Сыр елінің күнкөріс тіршілігі – су мен жердің тілін, ауа райының құбылысын жазбай танитын, ел құрметіне бөленген атақты мұраптар болған. Ауыл шаруашылығына бейімделген аймағымызда кезінде 200 мың гектардан астам жер тегістеліп, жүздеген канал мен су құрылыстары салынды. Күрішті, ырысты Қызылорда атануымызға ардагерлердің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бір кездері Одақтың тарауымен егін шаруашылығындағы жүйе бұзылып, бұл сала тоқырауға ұшыраған еді. Қазір қайта жанданды, салада зор серпіліс бар.
Ауыл шаруашылығына ең бірінші керегі – су. Оның мақсатты пайдаланылуын реттеп, тиімділігін арттыруға су мамандарының қосар үлесі мол. Табиғаттағы су қорларын үнемді пайдаланып, сақтай білуіміз керек. Бұны өз ретімен, жүйесімен кәсіби мамандар ғана жүзеге асыра алады. Бүгінде күнкөрісі ауыл шаруашылығы өндірісіне, яғни суармалы суға тікелей байланысты сыр диқандарын сумен қамтамасыз етуде қиыншылықтар туындап отырғаны бәрімізге белгілі. Сушыларымыздың алдында тұрған міндет – суды тиімді пайдалану арқылы қолда бар егістікті қамтамасыз ету және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу. Сыр өңірі су шаруашылығының жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылып, күріш танаптарын тегістеу, суды бөлу мен есепке алуды автоматтандыру, суару жүйелерін қайта жаңғырту мен модернизациялау шаралары қабылдануда. Күннің ыстық-суығына қарамай аянбай еңбек етіп жүрген сушыларымыздың еңбегіне құрмет көрсету – біз үшін үлкен абырой.
Құрметті ардагерлер, сала қызметкерлері, Сыр өңірінің су шаруашылығы саласын дамыту жолындағы атқарып жатқан ерен еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді С.Қожаниязов.
Шарада сала ардагерлері Дәулетияр Баялимов және Айтбай Көшербаев саладағы өзекті мәселелер жайында сөз қозғап, әріптестерін мерекемен құттықтады. Бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер Арал өңірі қазақстандық бөлігінің су шаруашылығы, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелерін шешуге зор үлес қосқаны үшін халықаралық Аралды құтқару қоры атқару комитетінің төрағасы Султон Рахимзоданың алғыс хатымен, Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының «Арал теңізін құтқаруға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<