Шілде айының екінші жексенбісі – табиғатпен тілдесіп, өзен бойынан несібе сүзген балықшылардың төл мейрамы. Бұл күн 2017 жылдан бастап балықшылардың кәсіби мерекесі болып бекітілді. Атаулы күн қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов сала ардагерлері мен мамандарын құттықтады.
– Кіші Арал теңізін сақтап қалудың нәтижесінде балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалды. Қызылорда облысы республика бойынша бірінші болып «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын» бекітті. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай, облыстың балық экспортын 2, тауарлы балық өндіру көлемін еселеп арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарлап отырмыз.
Кейінгі 5 жылда балық экспортының көлемі 5 есе өсіп, 10-нан астам шет елге экспортталуда. Бүгінгі күні балық шаруашылығы аймақ экономикасында өзіндік орны бар тұрмыстық, шаруашылық, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған атакәсібіміз ғана емес, береке-байлығымыз болып отыр.
Құрметті балықшылар, балық шаруашылығы саласының қызметкерлері. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Балық өсіріп, оны қорғаумен қатар молайтуға үлес қосып жүрген еңбектеріңізге толайым табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін, – деді.
Мұнан кейін балық шаруашылығы саласының бірқатар қызметкерлерін марапаттады. Анес Нұртаев пен Ерік Алжамбаевқа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер», Мақсат Жұмаділов, Жаңбырбай Қуатбаевқа «Балық шаруашылығы саласына мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ сала мамандарына министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<