Қала іргесіндегі «Ақсуат» ауылдық округінің тіршілігі мығым, шаруасы жанданған. Кейінгі кезде мұнда кәсіпкерлік өркен жайған. Мал басы көбейген. Тұрғындар кәсіптің сан түрін меңгеріп, жемісін көруде.
Мұнда кәсіппен айналысамын дегенге қолдау көп. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі мол. Сол мүмкіндікті ауыл тұрғындары іске асыруда. Ауылда 4 ауыл шаруашылығы өндірістік коорперативі мен 56 шаруа қожалығы, 120 жеке кәсіпкер бар. Кәсіпкерлік бағыттағы ауқымды жұмыстар жөнінде ауыл әкімі Нұрболат Бақытов кеңінен айтып берді.
– Ауылдың әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Кәсіпкерлікке бет бұрған жандар ісін дөңгелентіп отыр. Мал басы еселеніп, астық та молынан жиналды. Мал басы 7965-ке жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда артқан. Биыл бір шаруа қожалығы 120 гектар жерге күріш егіп, мол өнім алды. 2020 жылы «КазАгроМир» ЖШС жылыжай кешенін салып, табысты еңбек етіп келеді. Өз қаражаты есебінен кәсіпкер Б.Нұрмағанбетов шағын жылыжай салып, жемісін көруде. Ол «Қызылорда өңірлік микроқаржылық ұйымынан» қаржы алып, жылыжайын кеңейтті. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер А.Өксікбаев та жылыжай кәсібін бастады. Бүгінде ауылда 4 жылыжай жұмыс істеп тұр. Тұрғындар жергілікті өнімді тұтынуда.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Нұржігіт-2009» шаруашылығы асылтұқымды мал басын көбейтуді қолға алды. Бүгінде ірі қара төлдеп, асылдандыру бағытындағы жұмысы жүйеленіп келеді. Сонымен бірге «Айзере» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің егін шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алу жобасы қолдау тапты. Нәтижесінде заманауи трактор, соқа, дән, тыңайтқыш сепкіш құралдарына қол жеткізді,–дейді ол.
Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолдауының арқасында ауылдық округте 602 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 142-сі биыл ашылған. Ауыл әкімінің айтуынша, 204,9 млн теңгенің 39 жобасы қолдау тапқан. Соның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Бастау Бизнес» курсын 24 адам оқып сертификатын иемденген. Қайтарымсыз грантпен 38,4 млн теңгенің 26 жобасы қаржыландырылған. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 3 жоба қолдау тауып, 4 жоба бойынша өтінім берілген.
Сонымен қатар, «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржылық ұйымы арқылы 219 млн теңгенің 3 жобасы ұсынылып, 45 млн теңгенің 2 жобасы қолдау тапқан.
Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 44 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде, «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 59,7 млн теңгені құрайтын 6 жоба ұсынылып, қаржыландырылды.
Ауылда кәсіп ашып, шаруасын жүргізіп отырған қыз-келіншектердің де саны артуда. Олар тігін, наубайхана, мал шаруашылығы сынды кәсібін бастап кетті. Мәселен, Ләззат Сейітова жақында наубайхана ашты. Кәсіпкер бұған дейін де бұл істі жандандырған.
– Бұрын Тасбөгеттен наубайхана аштық. Жергілікті халықты нан өнімімен қамтыдық. Он бес жылдай нан пісірдім. Кейін «Ақсуатқа» көшіп келдік. Ол кезде «көгілдір отын» келмеген. Былтыр газ келген соң наубайхананы қайта аштым, 2,5 пайызбен несие алдым. Қаржыға қамыр илейтін, нан пісіретін пеш алып, күніне 300-400 нан пісірудемін. Нанның екі түрін жабамыз, –дейді ол.
Кәсіпкер келешекте өндіріске кондитерлік өнімдерді қосуды жоспарлауда. Ісін дамыту үшін әлі де атқарылатын жұмыс көп екенін айтады.
Ал жеке кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаеваның шағын шұлық өнімдерін өндіру жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кәсіпкердің бастамасы жаман емес. Жоба наурыз айынан іске қосылып, күніне 200-300 дана шұлық өнімдерін шығаруда. Қала, ауыл тұрғындарына өнімдерін қолжетімді бағада саудалап келеді. Қызылорда қаласындағы «Сұлтан» сауда үйі жанынан дүңгіршек ашып, шұлықты 150-400 теңге аралығында сатуда. Енді жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында «Қызылорда өңірлік микроқаржылық ұйымы» арқылы екі станок сатып алмақшы. Ол бизнес бастауға мүмкіндік берген жобадан қолдау тапты. Кәсіп ашу үшін біраз ізденіпті. Ақыры осы өндірісті қолға алды. Мемлекеттік бағдарламаның жемісін көрді. Жеңілдетілген несие алып, биыл цех іске қосылған. Қажетті құрылғы мен шикізатты Қытайдан алдырған. Шетелден маман алдырып, тәжірибе алмасыпты.
– Алдырған құрылғыларды пайдалану үшін Ташкенттен маман шақырттық. Балам техника тілін меңгерді. Бұл – отбасылық кәсіп. Цехта екі адам жұмыс істеуде. Шұлықтар таза мақтадан тігіледі, сапасы жақсы. Бағасы да қалтаға қонымды. Әзірге жергілікті сұранысты қамтып отырмыз. Алда жоспар көп. Кәсіпті кеңейту үшін әлі де еңбектеніп жатырмыз, – дейді ол.
Нұрғазы Сүлейменов аумағы 300 шаршы метр болатын жылыжай салып, алғашқы өнімін алды. Жеке кәсіпкер несиеге алған қаржыға жылыжай жиынтығын сатып алып, шаруасын бастап кеткен болатын. Енді несиесін жауып, «Қызылорда өңірлік микроқаржылық ұйымы» арқылы ісін кеңейтпек. Ол алдағы уақытта қияр, қызанақтың маринадтталған түрін де шығармақ. Ал Алмаз Өксікбаевтің жылыжайында қияр пісті. Қызылорда қаласының «Мансап» орталығы арқылы 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жеке кәсіпкер Алтынкүл Дүйсенғазиева 50 жасында екінші мамандығын игерді. Ол тігіншілікті оқып, сертификат алды. Курстарға қатысып, білімін жетілдірді. Шағын бір бөлмесін жұмыс орнына айналдырып, кәсібін жандандырып отыр. Көрпе тігетін, мақта және жүн түтетін құрал-жабдықтар сатып алу жобасы қолдау тапты. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жеңілдетілген несие, қаражатқа тігін машиналарын сатып алды. Айына 10-12 көрпе тігіп, саудаға шығаруда. Көрпе тігумен қатар, ескі мақтаны тазартып, түтіп қайта жаңалайды. Енді қой және түйе жүнінен көрпе тігуді қолға алмақ.
– Мамандығым музыка пәнінің мұғалімі. Ерекше күтімдегі балам болғандықтан жұмыстан шықтым. Осы кезде үйден жұмыс істеудің жолдарын қарастыра бастадым. Бұрын тігіншілікке қызығатын едім. Бірақ ине ұстап көрмедім. Бір шешімге келіп, курс оқыдым. Бірінші алты ай білім алдым, кейін тағы да үш ай оқыдым. Алдымен құрақ көрпешелер құрадым. Кейін бағдарламаға қатысып, 2,5 пайызбен 3 миллион теңге несие алып, керекті құрал-жабдықты түгендедім. Қазір тапсырыс ауылдардан да, қаладан да түседі. Күннен-күнге тапсырыс аясы кеңеюде. Сол себепті енді 300-ден аса ою-өрнегі бар станокты алмақпын. Матрас тігетін құрылғы алу да жоспарда бар. Бұдан бөлек екі тігінші жұмысқа аламын, –дейді ол.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жеке кәсіпкер Г.Құрмантаеваның шағын өнеркәсіптік сауда кешені құрылысын салу жобасын қаржыландыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Жоба қолдау тапқан жағдайда, сауда кешенінде ет, сүт өнімдері павильондары орналастырылады. Одан бөлек, жеке кәсіпкер С.Аралбаеваның шұлық, жеке кәсіпкер Л.Сейітованың нан өнімдерін және тағы да басқа өнімдерді орналастыру жоспарлануда.
«Ауыл аманаты» жобасының өндіріске өріс ашатынын білген жұрт оның игілігін көруде. Ол негізінен шағын цех, жылыжай өндірісі, омарта, мал және құс шаруашылығы секілді жеке қосалқы шаруашылықтардың өндірістік жобаларын дамытуға бағытталған
Міне, бұл ауылдағы атқарылып жатқан жемісті еңбек. «Ақсуат» «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Өркенді ауыл», «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен марапатталған.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<