Кәсібінен нәсіп тапқан

631

0

Облыста жеке кәсібін жолға қоюды мақсат етіп, өзі де табыс тауып, өзгеге де жұмыс беріп отырған іскерлердің қатары тұрақты көбеюде. Осы орайда биыл нан-тоқаш өнімдерін өндіретін наубайхана іске қосылды.

Кәсіпорын басшысы Мамыржан Асатуллаев тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында өз қаражатына цех ашып, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдерді пісіре бастады. Барлық санитарлық нормаларды  сақтай отырып, халықтың дастарханына нан өнімдерін  ұсынуда. Осылайша бүгінгі таңда наубайхана 5000 тарта өнім түрін шығаруға қауқары жетеді.

Шағын ғимараттың табалдырығынан аттаған сәтте-ақ тәп-тәтті нан иісі бұрқ ете түсті. Танауыңды жаратындай.

– Тұрақты түрде өнім түрлерін арттырудамыз, жаңа рецептураларды ойлап шығарып, қолданысқа енгізудеміз. Қуаттылығымыз күніне 5000 дана өнім, – дейді кәсіпкер.

Өндірістік цех Қызылорда қаласында, Желтоқсан, 143 көшесінде орналасқан. Қала тұрғындарын тәтті нанмен, тоқашпен қамтамасыз етіп қана қоймай, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда 20 адам қызмет атқарады. Осылайша, жеке кәсіпкер тірлігін ілгерілетіп, жұртшылықты да жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Жоба құны – 40 млн теңге. Кәсіпкер өз қаржысына керекті құрал-жабдықтар сатып алып, айналымға жұмсады.

Бүгінгі күні жоғары сұранысқа ие қалыпты нан мен тоқаш өнімдері пісіріліп, қаладағы 200 дүкен сөрелеріне жіберіледі.

Жұртшылықтың айтуынша, пісіретін нандары өте дәмді, сол себепті де нанның қашан пісетінін біліп, ыстық күйінде сатып алуға тырысатын көрінеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<