Еңбек адамдары қашан да ел игілігі үшін қызмет етуге дайын. Мейлі, қай саланың болмасын өзіндік қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Ал, электр энергиясы мен газ саласында қызмет ететін мамандарға артылатын жауапкершілік мүлде бөлек. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында еңбек адамдары өз қызметі жайында сөз қозғады.
– Мен 1982 жылы 28 тамызда Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келдім. 1999 жылы мектепті бітіріп, сол жылы Қызылорда инженерлік техникалық институтына «Инженер-жүйетехник» мамандығы бойынша оқуға түстім. Еңбек жолымды 2006 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының «Газ режимі бөлімінде» оператор болып бастадым. Содан бері осы салада абыройлы қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда «QazaqGaz» Ұлттық компанияcының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалында «Өтім және газ режимі» қызметінің бас маманымын. Биыл осы салаға келгеніме 18 жыл толды. Мамандығым – менің мақтанышым. Біздің саланың басты міндеті – халықты үздіксіз газбен қамтамасыз етіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндіріктік өтім және газ режимі қызметінің бас маманы Жасұлан Иманберді.
– Мен «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ-ның Релелік қорғаныс, автоматика және өлшеулер қызметінің жетекші инженері қызметін атқарамын. Яғни, Қызылорда қаласында және 7 аудандағы электр тарату қосалқы станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етемін. Біз ең алдымен халықты электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін күндіз-түні бақылау жүргіземіз. Электр жарығы өшіп қалған жағдайда жедел барып, электр желілерін жөндеуге кірісеміз. Біздің қызмет көп жағдайда қолайсыз ауа райында қатты білінеді. Бәріңіз білесіздер, қазіргі заманда электр энергия болмаса ешқандай іс жүрмейді. Сол себепті де біздің жұмысымыз өте маңызды әрі сұранысқа ие мамандықтың бірі болып есептеледі, – деді «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ-ның Релелік қорғаныс, автоматика және өлшеулер қызметінің жетекші инженері Әлихан Нұрпейісұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<