Кәсіпке бастау болған қолөнер

804

0

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында қолөнер шебері Пахриддин Садықовтың «Қолөнерден өнеркәсіпке» атты  көрмесінің ашылуы өтті.

Салтанатты іс-шараға облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Қазақстан Қолөнершілер және Суретшілер одағының мүшелері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

– Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту және эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір құралына айналдыру – біздің парызымыз. Бүгінгі көрмедегі әрбір бұйым сол ұлттық салт-дәстүріміздің көрінісі іспетті. Мұның барлығы – қолөнердің дамуына өз үлесін қосқан елге белгілі шебер Пахриддин ағамыздың еңбегі. Байқасаңыздар, ұстаның әр туындысынан халықтың тұpмыстық болмысын, дүниетанымын көруге болады. Шебеpдің қолы тиген әp бұйым – қазақы дәстүpдiң жалғасы, халқымыздың ұлттық мәдениетiнiң белгiсiндей, – деді Мира Жомартқызы.

Аталған көрмеге 40-тан аса кәдесый, ағаш бұйымдары қойылды. Оның ішінде шебердің қолынан шыққан қобыздың он шақты түрі және өзге де ағаш бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Мұндағы қоңыр үнді домбыра, сырнай, киіз үй, бесік, мал сүйегі мен мүйізінен дайындалған түрлі пішіндегі кәдесыйлар келген қонақтарды тәнті етті.

Ұста мүйіз, тері, ағаш өңдеп, халық қолданысына жарайтын заттар жасаумен айналысады, яғни, біраз жылдан бері өнерді кәсіпке айналдырған. Сұранысқа сай ағаштан үй жиһаздарын жасайды.

– Кәдейсыйлардың өзі ерекше ынта, асқан шеберлікпен жасалғаны байқалып тұр. Ұлттық өнерді сақтап, дәріптеп жүрген шебердің  еңбегі ерен. Енді осы бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына жақсылап сіңіру, насихаттау – баршамыздың міндетіміз, – деді көрмені тамашалған Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкері Перизат Құрманәліқызы.

Іс-шарада келушілер шебердің сәндік қолданбалы өнер туындыларын тамашалады. Сондай-ақ, белгілі жыршы Марат Сүгірбайдың орындауында терме тыңдап, рухани сусындап қайтты. Көрме 20 ақпанға дейін келушілерге қызмет көрсетеді.

Орайы келгенде айта кетейік, ұстаның сәндік-қолданбалы өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен байқалған. Оның себебі жоқ емес. Шебердің ата-бабалары аймаққа танымал қолөнершілер болған. Жасөспірім кезінде ол ағаштан жануарлардың әртүрлі мүсіні мен кішкентай кәдесыйларды жасап машықтанады. Кейін ол бұл өнерін өзі туып-өскен Жаңақорған ауданындағы №17 кәсіптік училищеде жетілдіре түседі.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<