Кәсіпкерлер палатасы қос компанияның құқығын қорғады

506

0

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жалпы құны 112 млн теңгенің тапсырысын орындаған қос компаниясы «жосықсыздықтан» құтқарды.

«Айзон» ЖШС мен «Әлем Қызмет Group» ЖШС осы жылдың ақпан және наурызында Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі көшелерді жөндеуге арналған мемлекеттік тапсырысты ұтып алады. Бірінің құны 41,7 млн теңге, екінші жоба 70,3 млн теңгені құрайды.

Қос компанияға да жұмысты 60 күнтізбелік күнде бітіру жөнінде талап қойылады. Кәсіпкерлер көрсетілген мерзімде тапсырып үлгермей қалады. Дегенмен жасалған жұмыстың сапасына тапсырыс берушіден шағым болмай, қабылдап алады.

Десе де тапсырыс беруші Тасбөгет кентінің әкімдігі кәсіпкерлерді «шарт бойынша міндеттемесін тиісті дәрежеде орындамағаны» үшін деп мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінеді.

Кәсіпкерлер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына жүгініп, құқығын қорғауға өтініш берді. Палата заңгерлері құжаттармен толық танысып, кәсіпкерлердің жұмысқа жағымсыз залалы тимегенін басшылыққа алды. Сотта да осы аргументті алға тартты.

Сотта екі компания жұмысты сапалы орындағандарын, кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыбын өз еркімен төлегенін жеткізіп, «жосықсыз қатысушылар» қатарына қоспауын сұрады. 

Істі қараған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бақытбек Елшібеков пен судья Айнұр Әбілқайысқызы істі жан-жақты сараптай келе, кәсіпкерлер шарт бойынша өз міндеттемелерін кеш орындағанын, дегенмен талап қоюшыға жағымсыз салдар орын алғандығы көрсетілмегенін, жұмыстың сапасына сын-ескертпелер болмағанынын анықтап, кәсіпкерлерге қойылған талапты қанағаттандырмады.

Нәтижесінде екі компания да жұмысын еркін, кедергісіз жүргізуге мүмкіндік алды.

Жақында Кәсіпкерлер палатасына «Айзон» ЖШС директоры Айзада Ибрагимқызынан хат келді. Хатта кәсіпкер құқықтық көмек беріп, қолдау көрсеткен Палата заңгерлеріне алғысын білдірген.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<