Кәсіпкерлер құқығы қалай қорғалып жүр?

468

0

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Олар сапар барысында қызылордалық кәсіпкерлерді жеке мәселелерімен қабылдады.

Қабылдауға келген «Гежуба Шиелі компаниясы» ЖШС-ның бас директоры У Ченьхуа өндіріс нысандарының санитарлық-қорғау аумағына қатысты мәселені көтерді. Бұл компания 2018 жылдан бері өңірде цемент өндірумен айналысып келеді. Жылына 1 млн тонна цемент өндіре алады. Жобаның инфрақұрылымына бюджеттен 2,5 млрд теңге, ал кәсіпкердің 64 млрд теңге қаржысы салынған.

Алайда 2021 жылдың соңында кәсіпорын орналасқан Шиелі ауданы, Ш.Қодаманов ауылының тұрғындары санитарлық-қорғау аумағы талаптарының сақталмауына шағымданып, сотқа береді.

Нәтижесінде биыл сәуірде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты цемент зауытына берілген санитарлық-қорғау аумағына қатысты сала мамандары қорытындысының күшін жойды.

Ерекше атап өтетін жайт, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген ақпаратына сүйенсек, өңірде санитарлық-қорғау аумағының көлемін азайту жөнінде 15 кәсіпкерлік субъектісі 67 рет өтініш берген. Өтініштердің барлығы жоғарыда аталған негіз бойынша қанағаттандырылмаған.

Осылайша, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік нысандардың санитарлық аумағынан тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беруі алдағы уақытта облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындар жұмысының жаппай тоқтауына алып келуі мүмкін.

– Осындай проблема Батыс Қазақстан облысында да болды. Кеше Түркістан облысына бардық. Онда да дәл осындай жағдай. Жергілікті атқарушы органдар санитарлық-қорғау аумақтарына қатысты талаптарға қарамастан, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін табыстаған немесе өнеркәсіп кәсіпорындарын салуға рұқсат берген. Бұл өте күрделі мәселе. Оны шешуді бүгін қолға алмаса, алдағы уақытта қиын болуы мүмкін, – деді Рустам Жүрсінов.

Бұл ретте «Атамекеннің» басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровке прокуратурамен бірлесіп, санитарлық-қорғау аймақтарына жалпы талдау жүргізу тапсырылды. Талдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға санитарлық-қорғау аймақтарының болуына назар аударуды қатаң бақылауға алу туралы ұсыныс енгізуді және аталған мәселені Үкіметтің қарауына да шығару жүктелді.

Қабылдауға келген «Марал-Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсаитов қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесіне бірқатар тауарларды енгізу мәселесін көтерді.

Республика көлемінде кәсіпкерлердің жан-жақтан бірнеше рет берген өтініштерінің негізінде жақында, 21 қазанда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2018 жылғы 21 ақпандағы «Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Алайда бұл тізбеге «Өздігінен жүрмейтін темір жол немесе трамвай, жолаушылар вагондары, өздігінен жүрмейтін жүк, почта және өзге де арнайы темір жол немесе трамвай вагондары» тармағы енбей қалады. Бұл тармақ осы жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуірі аралығында қолданылған тізбеде болған.

Қабылдауда көтерілген проблемалардың басым бөлігі мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты.

Қызылорда облысы бойынша 9 айда сотта мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде 150 іс қаралды. Бұл талап-арыздардың 127-сі немесе 83%-ы мемлекеттік органның пайдасына шешілсе, тек 25-де ғана немесе 17%-да ғана кәсіпкер жеңген.

– Біз Салық кодексінде тиісті бақылау қағидасын бекітуге тырыстық. Ол үшін тиісті жұмыстарды да жасадық. Алайда Салық кодексіне бұл қағида енбей қалды. Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты нормативтік қаулы жобасын дайындауды кешіктіріп жатыр. Мен үшін бұл – елдің ұлттық экономикалық қауіпсіздігіне қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан мәселені Президенттің қарауына ұсынамын, – деді Рустам Жүрсінов.

Жеке қабылдауда бұдан өзге, теміржол тасымалына қатысты, жергілікті бюджетте ауылшаруашылық жануарларына арналған жем-шөп шығындарын субсидиялауға қаражаттың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органға қарайтын коммуналдық ұйымның, ауылдық округ әкімдігінің кәсіпкерлер алдындағы қарызын қайтармау мәселелері қаралды.

Мұнда әр сұрақ жеке талданып, шешу жолдарына қатысты кеңес берілді, жүйелі проблемалар Үкіметтік деңгейде көтерілетін болды.

Облыс прокуроры Нұрлан Бижановпен кездесу аясында Қызылорда облысының прокуратурасы мен кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2023 жылға арналған ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарға қол қойылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<