Кәсіпкерлер шығындары есептелуде

691

0

Қаңтар оқиғасы орын алған сәтте кәсіпкерлер палатасының call-орталығына кәсіп нысандарына залал келді деп 49 қоңырау шалынды. Оның ішінде кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіру және шығынды анықтау бойынша 37 өтініш берілген. Зиян келген мүліктің жалпы сомасы 446 844 607 теңге. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді.

«Қазірде шығындар нақтыланып, 21 шағын және орта бизнес субъектілерінің арыздары тіркелді. Зиян келтірілген 29 объектінің сомасы 400 242 607 теңгені құрап отыр. Оның ішінде мүліктік (ғимаратқа келтірілген зиян) шығын – 8 937 317 теңге, тауар-материалдық шығын – 390 305 290 теңге. Барлық өтініштер, ішкі істер органдарына жолданды. 9 арызға қатысты қылмыстық қудалау органының қаулылары шыққан», – деді Ғалымбек Жақсылықұлы.

Өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары бекітілді.

«Қағида бойынша жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін өңірлік комиссияның шешімі негіз болады. Осыған сәйкес, 24 қаңтарда өңірлік комиссия құрылды. Оған жергілікті 20 адам мүшелікке енген. Мүліктік зиянды өтеу үш бағыт бойынша жүргізіледі. Бүлінген жылжымалы мүлік үшін, тауарлық-материалдық құндылықтар үшін, жоғалған жабдық үшін», – деді кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<