Кәсіпкерлер ұсынысы көп

481

0

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Нариман Әбілшайықов палатаны реформалау тәсілдерін талқылау үшін трансформация жөніндегі жұмыс тобына кірген белсенділермен кездесті деп хабарлайды облыстағы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, аймақтағы кәсіпкерлердің проблемалары да талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов пен салалық басқарма басшылары қатысты. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға берілетін мемлекеттік қолдауды қайта қарау қажеттігін жеткізді. Өңірлік кеңес мүшесі, «Ысамаддин» шаруа қожалығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов геосаяси жағдайларға байланысты доллар курсының өзгеруі ауыл шаруашылығы техникаларының қымбаттауына алып келгенін атап өтті.

«Бұған дейін шетелдік күріш жинау комбайндарының бағасы 130-140 млн теңге шамасында болса, қазір 170-200 млн теңгеге жетті. Мемлекеттен техникаларға берілетін инвестициялық субсидияның ережесін қайта қарау керек. Себебі техника құнының 25 процентіне дейін субсидиялауды көздейтін қолданыстағы ережеде рұқсат етілген көлем ескі бағамен көрсетілген», – деді Жанарбек Нұрымбетов.

Кәсіпкердің айтуынша, фермерлердің бұдан бөлек утильалым және кеден салығы, несие жүктемелері секілді міндеттемелері көп. Оның үстіне техниканың қымбаттауы мен субсидияның азаюы салдарынан саладағы кәсіпкерлер машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр.

Өңірлік кеңес мүшелері «Бастау Бизнес» жобасына, процентсіз немесе 2 процентпен несие беру, салықтық жеңілдік және коммуналдық төлем шығындарын  субсидиялау, несиені екінші деңгейлі банктермен қатар шағын қаржы ұйымдары арқылы беруге қатысты ұсыныстарын білдірді.

«Атамекен» өкілі кәсіпкерлердің уәжінен хабардар екенін айтып, мәселелердің Үкімет деңгейінде шешіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Ұлттық палатаның қызметі мен болашағына бей-жай қарамай, жұмыс тобына белсене атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.

«Бүгінгі экономикалық ахуал кәсіпкерліктің барлық дерлік саласына ықпал етіп отыр. Сондықтан айтылған мәселелердің бәрі Үкімет деңгейінде талқыланады. Сондай-ақ, Ұлттық палатаның трансформациясына қатысты ұсыныстар ескеріліп, мамырда қорытынды құжат уәкілетті органға жолданады», – деді Нариман Әбілшайықов.

«СБ»  ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<