Кәсіпкерлердің назарына: 2,5 пайызбен берілген несиеге салық төленбейді

652

0

Қызылорда облысына қарасты Сырдария аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Айбосынов мемлекеттік бағдарлама аясында осы жылдың мамырында 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған кәсіпкерге хат жібереді. Хатта аталған несиеге алған қаржыны табыс деп көрсетіп, 72 мың теңге салық төлеуі қажет екенін хабарлаған.

Кәсіпкер проблемасымен Палатаға келіп, құқықтық көмек сұрады.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені зерттегенде оның бір кәсіпкердің ғана емес, «Ауыл аманаты» жобасы мен жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып жатқан мыңнан аса кәсіпкердің құқығы бұзылуы мүмкін екенін анықтады.

Проблеманы Палата жанындағы агроөнеркәсіп кешені кеңесі мен бухгалтерлер клубының бірлескен отырысына шығарды.

Отырысқа Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Болат Нұрқожаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мен аудандық кірістер басқармасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Жеке кәсіпкер Әскербек Ермағанбетов биыл 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге 12 бас жылқы алып, өсіруде. Жақында кәсіпкерге Сырдария аудандық кірістер басқармасының мамандары хабарласып, алған несиесін табыс ретінде көрсетуді, соған сай салық төлеуі қажет екенін айтады. Артынан ресми хатын да жібереді.

«Бізге «бір ай рұқсат беремін, болмаса есеп-шоттарымызды бұғаттаймыз» деді. Бұл қаншалықты заңды? Осыны анықтап берсеңіздер» – деді кәсіпкердің өкілі, туған ағасы Батырбек Ермағанбетов.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Гүлсара Қарымсақова мемлекеттік бағдарлама аясында берілген несие табысқа жатпайтынын, одан салық алынбайтынын атап өтті. Кәсіпкерлер осы қаржылық қолдаудың нәтижесінде кәсібін дамытып, пайдаға шыққан жағдайда салық төлейтінін жеткізді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық «Жастарды шағын несиелеу» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,2 млрд теңгеге 274 азамат несие алғанын, бұл жоба бойынша қазір қосымша 1 млрд теңге бөлінгенін айтты.

«Оған қосымша биыл басталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облысқа 3 млрд теңге бөлінді. Оның аясында да біраз азамат несие алып, кәсіпкерлер қатары артары сөзсіз. Сол үшін бұл мәселе бір кәсіпкердің проблемасы емес, мыңнан аса іс бастаған азаматтардың алдынан шығатын мәселе», – деді Палата басшысы.

Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Болат Нұрқожаев осындай қиындықпен өзге де кәсіпкерлердің болуы мүмкін екенін алға тартып, салық органдарының өкілдерінен хабарлама жіберілген кәсіпкерлердің тізімін беруді сұрады.

Отырыстың қорытындысымен аталған мәселенің алдын алу мақсатында мемлекеттік кірістер органы өкілдерінен қала, аудандағы кәсіпкерлер арасында түсіндірме жүргізу ұсынылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<