Кәсіпкерлік: дәйекті пікірлер бағытты айқындайды

540

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлік дамуын тежеп тұрған проблемалар ортаға салынып, шешу жолдары ұсынылды. Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, қалалық құрылым басшылары мен аймақ кәсіпкерлері қатысты.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру бойынша шешімдер мен рәсімдердің тиімділігін арттыруда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясат қалыптастыру үшін «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту қажетін атап өтті. Осы орайда әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыруға бизнес өкілдері де мүдделі екеніне сенімдімін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Кәсіпкерлік: дәйекті пікірлер бағытты айқындайды

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков палата кәсіпкерлерімен бірлесіп өзекті мәселелерді анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын бастаған. Оның аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін, мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезіндегі қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу көзделген.

Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов өңірдің бизнес қауымдастық өкілдерімен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып жол картасы бекітілгенін айтты. Онда кәсіпкерлікті дамытудың жанды жерлері айқындалып, бекітілген іс-шаралар кезең-кезеңімен орындалуда. Биыл аймақ прокурорларының араласуымен 1600-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру, мемлекеттік сатып алу, жерлерді табыстау кезінде болған заңсыздықтар анықталды. Мысалы, Жер кодексі талаптары сақталмайтыны анықталып, прокуратура ықпалымен 104 кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков саланың даму жағдайы туралы баяндама жасады. Өңірде 60627 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, көрсеткіш 7,4 пайызға ұлғайған. Кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны да өскен. Бүгінде облыста жалпы жұмыспен қамтылғандардың үштен бір бөлігі – 140 мыңнан астам адам салада еңбек етуде.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Олар өңірде туризмді дамыту, өндіріс, жеңіл өнеркәсіп, агросаланы қолдау, субсидия, кадр тапшылығы, мектепке дейінгі білім беру бойынша қажетті шаралар туралы айтты. Күн тәртібінде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындардың проблемалық мәселелері де, жеңілдетілген несие түйткілдері де тарқатылды.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрқожаев жер телімдеріне қатысты проблемаларға тоқталды. Кәсіпкерлік дамуына кедергі болып отырған мәселенің бірі – жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерткеннен кейін кадастрлық құнымен жер учаскесін сатып алуға кететін шығын. Оның көлемі облысымызда 10 млн теңгеге дейін жетеді. Оны бірден төлеу кәсіпкерлерге құжаттарды рәсімдеу мен айналым қаржысына салмақ болып отыр. Сонымен қатар, аудандардың өнімдерін облыс орталығында сатуына мүмкіндік беретін сауда орындары белгіленсе деген ұсыныс білдірді.

«Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашов аймақта көтерме-тарату орталығының әлеуеті арқылы әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша ұсыныс айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелеу мерзімін 12 айдан екі-үш жылға дейін ұзартуды ұсынды.

«Q-MED COMPANY QROUP» ЖШС жобалық менеджері Ботагөз Жұмағұлова жекеменшік медицина ұйымдарындағы қызметтер ауқымын кеңейтуді ұсынды.

– Баршаңызға белгілі, аймақтың медицина саласына тартылған инвестиция көлемі жоқтың қасы. Біз қазіргі таңда құны 1 млрд теңге құрайтын, оның ішінде 600 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтарымен жаңа емхана ашпақпыз. Кез келген инвестор болашақта өз салымын өндіргісі келеді. Аймақта халық сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа қан талдау зертханасы іске қосылуда. МРТ, КТ, жоғары деңгейлі ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, рентген, мамография қондырғылары орнатылуда. Инвесторлардың аймаққа келуін қолдау ретінде біздің қызмет атқару мүмкіндігімізге сәйкес «Арай» шағын ауданынан бастап Тасбөгет кентіне дейінгі қала аймағынан 20 мың тұрғынның біздің емханаға бекітілуіне ықпал етуді сұраймыз. Сондай-ақ, аймақта бос тұрған ғимараттарды сенімгерлік басқаруға жеке медициналық ұйымдарға беру қарастырылса, – деді Ботагөз Жұмағұлова.

Өз кезегінде аймақ басшысы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар қаралатынын айтты. Түгендеу жұмыстары барысында облыс орталығының өзінде шамамен 20 мың шаршы метрге жуық бос ғимараттар анықталған.

Президент Жолдауында суға қатысты қордаланған мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажетін, су саласын дамытудың үшжылдық жобасын әзірлеу керегін айтқан болатын. Кездесуде Сыр өңірі үшін өзекті мәселе де айтылды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы төрағасы Әліби Бекжанов су тапшылығына байланысты егін шаруашылығын әртараптандыру бойынша тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық техникасын несиелендіру мәселесіне тоқталды.

– Шаруашылық алғаш құрылған кезде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан 4 пайызбен несие алатынбыз. Бүгінде ол 17 пайызға дейін көтеріліп отыр. Оның 10 пайызы субсидияланады. Дегенмен, кейде сол субсидияның өзі берілмей қалып жатады. Осы кедергілер алынып, бұрынғыдай 4-5 пайызбен жеңілдетілген несие беру қолға алынса екен, – деді Әліби Бекжанов.

Кездесуде Байқоңыр қаласының тұрғыны, кәсіпкер Дәуренбай Оңғарұлы байқоңырлық кәсіпкерлердің мәселесін айтты.

– Соңғы бірнеше жылда Ресей тарапы пайдаланылмай тұрған ғимараттарды Қазақстанға өткізуде. Дегенмен, ғимаратын бергенімен, жерін бермей отыр. Сол жерге барып балабақша, басқа да кәсіптерін ашам деген азаматтар жер иесі өзі болмағандықтан, кейін қиындықтар туындай ма деп алаңдайды, – деді ол.

Аймақ басшысы ҚР президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі бұл мәселемен айналысып жатқанын, Үкімет деңгейінде көтеріліп, шешімін табатынын айтты.

«Қызылорда» туристік Қауымдастығының басшысы Сәуле Булегенова пандемия жағдайынан кейін облыста туризм саласының жағдайы едәуір нашарлағанын айтты.

– Бұған дейін шетелдік туристерді тартуда танымал маршрут Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран ұшыру алаңы болатын. Дегенмен пандемиядан кейін, оған қоса қазіргі саяси жағдайларға байланысты бұл бағыт та тоқтап тұр. Біз соңғы бес жылда негізінен туристерді белсенді демалысқа шақыруды қолға алдық. Сұранысты ескеріп, көлдерде балық шаруашылығы бар кәсіпкерлерді көптеп тарттық. Бірақ, биыл көлдердегі балық көлемі мүлдем азайып кетті, – дейді ол.

Сондай-ақ, өзен арналары мен көлдердің жағалауының ластануы да үлкен мәселе тудырып отыр.

Кәсіпкерлер көкейінде жүрген тағы бір мәселені «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов жеткізді.

– Инвестициялық салымдардың инфрақұрылымдарының барлығын мемлекет мойнына алған. Бұрын инфрақұрылымдардың барлық жоба-сметалық құжаттары жергілікті бюджет есебінен жасалып, қаржысы орталықтан жол картасы арқылы бөлінетін. Дегенмен, соңғы екі жылда бұл жұмыстардың барлығы жергілікті билік құзырынан алынып, әр кәсіпкер өзі жасауы керек деген түзету енгізілген. Соның салдарынан кәсіпкерлікті дамытуда қиындықтар туындап отыр, – деді ол.

Кездесуде Қызылорда облысының құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Манарбек Еспенбетов құрылыс саласына мемлекеттен жасалып жатқан қолдаудың артқанын айтып, оның арқасында облыста құрылыс қарқынының өсіп келе жатқанын сөз етті. Дегенмен, салада кадр тапшы. Инженер-техник мамандар, дәнекерлеуші, электриктер жетіспейді. Бүгінде құрылыс саласындағы мамандардың орташа жасы 50-ден асқан.

Мәселе жеңіл өнеркәсіп саласы үшін де өзекті болып отыр. Облыстық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Дина Махатованың айтуынша, тігін машинасы аяқасты істен шықса, оны жөндейтін қала бойынша бір ғана шебер бар. Өңірдегі кәсіптік-техникалық оқу орнының бірде-бірінде тігін машинасын жөндейтін маман даярланбайды.

Облыс әкімі кадр мәселесі кеңінен қаралатынын айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Раимов өзге де бизнес мәселелерін ортаға салып, аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Кәсіпкерлер еркін форматта көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ол ұсыныстар хаттамаға енгізілді.

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың өзекті мәселелерін шешуге, соның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жоспарларға тоқталды.

Қоры сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі жылдан жылға азайып келеді. Сондықтан «Шу-Сарысу» және «Арал» бассейндерінде жаңа мұнай қорларын анықтауға бағытталған геологиялық зерттеумен қатар, газды өндіру мен өңдеу көлемдерін ұлғайту жұмыстары алынуда. Облыста 47 млрд бекітілген және 140 млрд текше метр шамасында болжамды газ қоры бар. Бүгінде газды сатып алу бағасының төмендігі тежеуші фактор болып отыр. Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық операторы газды сатып алу бағасының жаңа формуласын жыл соңына дейін бекітетін болды.

– Бұл өңір үшін кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз және жұмыс орындарын көбейтудің оңтайлы жолы. Шыны зауытын іске қосуды жеделдету бойынша шаралар қабылдануда. Осы жылдың соңына қарай алғашқы өнімін шығару жоспарлануда. Шыны зауытының айналасында шыныдан бұйымдар шығаратын кіші және орта ілеспе өндірістер желісін құру көзделуде, – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, «Аралтұз» кәсіпорны қуаттылығы жылына 30 млн дана полипропилен қаптарын шығаратын зауытты жобалау жұмыстарын бастады. «Гежуба» зауыты қасында цемент қаптар шығаратын кәсіпорын салу жоспарланған. Өңірлік даму институты ретінде инвестициялар тартуды жандандыру үшін инвесторларды қолдау мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының рөлі күшеюде. СПК құрамында «Қызылорда инвестициялық және талдау орталығы» құрылуда.

Үстіміздегі жылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін түрлі көздерден 20 млрд теңге қаржы қарастырылды. Болашақта бұл жұмыстар жалғасын табады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, жастардың кәсіпкерлік ынтасын жан-жақты қолдауға да басымдық берілмек. Келер жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5 пайызбен шағын несие берудің жеке тетігі іске қосылады.

Аймақ басшысы кәсіпкерлікті қолдау нәтижесінде 2025 жылға қарай жалпыөңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 25%-ға дейін арттыру жоспарланғанын атап өтті.

– Аймақта кәсіпкерлікті қарқынды дамыту жолдарын айқындадық деуге болады. Бұндай кездесулер алдағы уақытта жалғасын табады. Бүгінгі басқосудың нәтижесі ретінде, өңірде бизнес климатты жақсарту үшін бірінші орынбасарым Серік Салауатұлының басқаруымен арнайы комиссия құруды тапсырамын. Комиссия отырыстарында бизнес өкілдері қатысуымен  кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерінің шұғыл түрде шешу жолдары айқындалуы қажет, – деді облыс әкімі.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<