Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен аймақтағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысына арналған мәжіліс өтті. Облыс әкімінің орынбасары шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі бойынша облыс республикада соңғы орында екенін айтып, жұмыс нәтижесінің мардымсыздығын қаперге салды.
– Өткен жылы кәсіпкерлік саласында 103 мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылып, 459,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткішпен облыс республикада 15-орынға орналасты. Нәтижесінде, шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік өнімдегі үлесі бар болғаны 16,3%-ті құрады. Жыл сайын бұл сектордың экономикадағы үлесі төмендеп келеді.
Облыстың республика деңгейінде артта қалуына бұл көрсеткіштердің қала және аудандарда төмен болуы тікелей әсер етіп отыр. Бұл қала және аудандар әкімдіктерінің жұмысының мардымсыздығын көрсетеді.
Жұмыстың алға басуы – жергілікті әкімдерге тікелей байланысты, – деді М.Жайымбетов.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбековтың айтуынша, қазір әрбір ауылдық елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, кәсіпкерлік қызметтеріне талдау жұмыстары жүргізілуде. Оң нәтижелерге қол жеткізуде қала және аудандарға кәсіпкерлер санын кемінде 10%-ке, жұмыспен қамтылғандар санын 15%-ке, өндірілген өнім көлемін 40%-ке дейін ұлғайту бағытында жұмыс жасау қажеттігін ұсынды.
Облыс әкімінің орынбасары осы деңгейге жету үшін қала мен аудандарда табанды түрде жұмыс жасалу керектігін ескертті. Сондай-ақ, аудандар көлемінде іске қосылған өндірістік цехтардың нақты санын шығарып, жаңа өндіріс орындары мен қызметтерді іске қосу, шағын өнеркәсіптік аймақ құру жұмысын жандандыруды, туризм, сауда салаларында түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруды жүктеді.
Мархабат Жайымбетов белгіленген міндеттер мен тапсырмалардың орындалуын келесі айда қарайтынын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<