Кәсіпкерлік жағдайына ұқыпты талдау қажет

310

0

ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша республикалық штаб отырысында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн адамға дейін арттыру тапсырмасының орындалу барысы қаралды.

Жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтады. Облыста 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесін 25%-ға, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын 125 мың адамға жеткізу міндеті қойылғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту шаралары аймақта жүйелі іске асырылуы тиіс.

– Қызылорда облысында бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікте 71 мыңға жуық субъект жұмыс жасайды. Мұнда халықтың 34,8%-ы, яғни 122 мың адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 4 мыңға жуығы тұрақты, ал уақытша жұмыс орындарына  12 мыңнан аса адам орналастырылды. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері өз аумақтарында жаңадан ашылған шағын және орта бизнес нысандарына бірінші кезекте сол жердің тұрғылықты  азаматтарын жұмыспен қамту мәселесін үйлестіруі қажет, – деді облыс әкімі.

Кейінгі жылдары елді мекендердегі тұрғындар несие ұйымдарынан алған қаржының басым бөлігін мал шаруашылығына жұмсайтыны байқалып отыр. Алайда жайылымдық жер тапшы. Қаржыландыру техника алу, наубайхана, дүкен, шаштараз, тігін цехын ашу секілді өндіріске бағытталған.

Жиын қорытындысымен Н.Нәлібаев кәсіпкерлік субъектілерінің санын кемінде 10%-ға, жұмыс күшін 15%-ға, өндірілген өнім көлемін 40%-ға дейін ұлғайту бағытында жұмыс жасауды тапсырды. Қала және аудан әкімдері әр ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, оның ішінде кәсіпкерлік қызметтеріне талдау жасауы тиіс. Іске қосылған өндірістік цехтардың нақты санын анықтап, жаңа өндіріс орындары мен қызметтерді үйлестіруі керек. Сонымен қатар аудан және қала орталықтарында шағын өнеркәсіптік аймақ құру арқылы салалық ерекшелігіне қарай кәсібін енді бастаған азаматтарды шоғырландыру жұмысын жандандыру міндеттелді. Мұнан бөлек, экономиканың креативті индустриясында, туризм, сауда салаларында түрлі инвестициялық жобаларды іске асыру тапсырылды. Нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 10 мың тұрғын үшін 100 жұмыс орны құрылуы тиіс.

Айта кетейік, биыл кәсіпкерлікті дамытуға барлық қаржыландыру көздерінен 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<