Кәсіпкерлікке бетбұрыстың берері көп

1018

0

Қармақшы ауданында кәсіпкерлік қарқын алып келеді. Жергілікті тұрғындар көктем келісімен кетпен-күрегін сайлап, дала төсін дүбірге бөлеуді дәстүрге айналдырған. Жер-ана жомарттығынан танған емес. Бейнетіне қарай зейнетін көріп жүр. Одан бөлек аудан орталығы да жаңарып, заманауи талапқа сай жаңғыра түскен. Жастар орталығының жұмысы жолға қойылып, жас кәсіпкерлер саны артуда. Мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелерде жас таланттар шоғыры қалыптасып, жаңа биіктерге талпынып отыр.

Бұл жайында өңірлік коммуникациялар орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында көріп-білдік.

Кәсіпкерлікке бетбұрыстың берері көп

Ауылдағы алмабақ

Біз аялдаған алғашқы нысан – Дүр Оңғар ауылындағы алмабақ. Биыл сәуір айында егілген жеміс талдары аз уақыт ішінде бой көтеріп, топырағына тамыр жайып үлгерген. «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлеповтің айтуынша, егіс алқабы өткен жылы тегістеліп, биыл көктемде бес гектар жерге 8600 түп алма ағашы отырғызылған. Қазір соның 80 пайызы көктеп тұр. Көшеттер Жамбыл облысы Меркі ауданындағы тұқымбағынан арнайы алдырылды. «Голден делишес», «Старкримсон», «Мельба», «Столовка», «Қызылай» деген сорттар бар. 

Шаруашылық иесі ауылды жасыл желекке, саялы баққа айналдырып, ауыл халқына таза табиғи өнім ұсынуды көздейді.

Айта кетейік, Дүр Оңғар – облыс көлеміндегі іргелі шаруашылықтардың бірі.

– Алма бағы негізінен көп күтімді талап етеді. Жерді атыздап, суарып, тұзын астына қарай жібердік. Арнайы дәрісін алдырып, топырақ қуатын арттырдық. Үш жылда жеміс береді деп күтілуде. Қазір күннің ыстығына байланысты көшеттер тәулігіне екі мәрте тамшылатып суарылады. Уақытылы дәрі-дәрмегін беру, отақтан тазарту да жемістің мол болуына септігін тигізеді.  Бұл өзімізге етене таныс күріш емес, сондықтан үнемі күтімді қажет етеді, – дейді агроном Қалдан Кенішбеков бізбен әңгімесінде.

Томография қызметі

Кентке кіреберіс аумақта аудандық ауруханаға аялдадық. Мұнда жақында ашылған компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеуде.

– Бөлім күніне жиырма науқасқа дейін қабылдауға қауқарлы. Германиядан шығарылған аппараттың сапасы жоғары. Наурыз айында іске қостық. Мамандар жүйелі жұмыс атқаруда. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары томографияға түсу үшін облыс орталығына баратын болса, енді аудандық ауруханаға келіп, томография қызметіне жүгінеді, – дейді дәрігер Айгүл Жәмитова.

Бұл аудан медицинасындағы кейінгі жылдардағы ең үлкен жаңалықтың бірі болып отыр. Тағы бір атап өтерлігі, «Мұнайқұрылыс» мердігер мекемесі аурухана сыртына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қолдауымен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асырылды. Жоба аясында 14 адамның әлеуметтік бастамалары қаржылай қолдау тауып, әр жобаға 150 мың теңге көлемінде шағын гранттар табысталды. Қазір белсенді жастар қажетті құрал-жабдықтарын алып, жобаларын жүзеге асыруда.

Жаңа өндіріс іске қосылады

Ауданда ілгеріден келе жатқан іргелі шаруашылық – «АНК-Дәулет» ЖШС. Мердігер мекеме газоблок өнімін шығарады. Биыл жаңа шағын зауыт құрылысын қолға алып отыр. Жоба құны 200 млн теңге. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен 60 млн теңге несиеге қол жеткізіп, қажетті құрылыс материалдарын алдыруда. Зауыт ауданда заманауи құрылыс материалы өндірісін жолға қоймақ.   

Төретам кентіндегі «ALI KIDS PARK» ойын-сауық алаңы балалардың  ең көп баратын жері десек, артық айтқандық емес. Өткен жылы іске қосылған кешенде он бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мереке күндері барлық балаларға тегін қызмет көрсетеді.

Біз барған сәтте балалар арқа-жарқа асыр салып ойнап жүр. Солардың бірін сөзге тартып, пікірін білген едік. Осы маңайда тұратын Алина ойын-сауық алаңы ашылғанын қуана айтып жатыр.

– Мен мұнда үнемі келіп тұрамын. Қасымда достарым бар. Әкем мен анам өздері әкеліп, алып кетеді. Үлкен сырғанақтар, құрғақ бассейндер өте керемет. Басқа да балалар келіп ойнайды. Бізге ұнайды, – дейді ол.

Міне, осылайша атқарылған істер ауанын көріп қайттық. Елге болсын деген ерлердің ісі берекелі болғай деген көңілде тілектестік тұрды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<