Кәсіпкерлікті дамыту – қуатты экономиканың негізі

27

0

Кеше Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кәсіпкерлікті дамыту – қуатты экономиканың негізі» тақырыбы аясында семинар өтті.  Шараның басты мақсаты – кәсіпкерлермен пікірлесу, тәжірибе алмасу, кәсіп бастаймын деген жастарға бағыт-бағдар беру. Оған қаладағы кәсіпкерлер, ерікті жастар қатысты.

Шара көрмеден бастау алды, онда жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері қойылды.

Одан соң қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов семинарды ашып, бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес субъектілерін құру, оның экономикадағы үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

– Экономиканың барлық саласында жұмыс жасайтын шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Биыл облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 1409 жобасына барлық қаржы көздерінен 30 млрд теңге берілді. Нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 33 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылған адамдар саны 65 мыңнан асты. Шағын және орта бизнес шеңберінде 300 млрд теңгеге өнім өндірілді, – деді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан бағдарламалар игілігі мен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне де  тоқталды.

Оның айтуынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында 142 млн теңгеге 16 жоба жүзеге асса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға бағытталған пилоттық жоба бойынша 17 жаңа өндіріс қолдау тауып, оған  374 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ шаһарда инклюзивті орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту ісінде түрлі бастамаларды жүзеге асырып жүрген 29 әлеуметтік кәсіпкер де қолдау тапқан. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, қала кәсіпкерлерінің саны 33 мыңға жетсе, жұмыспен қамтылғандар саны 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында 300 млрд теңгеге өнім өндірілген.

Жалпы, облыс орталығы әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан тұрақты өсім қарқынын көрсетуде. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 513,7 млрд теңгеге жетсе, өңдеу өнеркәсібі 1,7, ауыл шаруашылығы 0,3, құрылыс жұмыстарының көлемі 49,6, тұрғын үй 5,1, сауда 5,6 пайызға артты. Биыл қалаға 273 млрд 800 млн теңге инвестиция әкелу жоспарланса, оның  224 млрд 500 млн теңгесі тартылды. Қала бюджеті 110 млрд 800 млн теңгеге жетіп, өсім 90,4 пайызды құрады. Бұл ауқымды қаражат шаһардың өзекті мәселелерді шешуге, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалған. Шаһарда мұнай өндіру көлемінің қысқаруы салдарынан экономика құрылымын әртараптандыру жұмыстары  да өз нәтижесін берді. Өңдеу саласында оң қарқынды сақтап қалу үшін биыл құны 8 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылды.

– Өңірде өндірістік нысандармен қатар, әлеуметтік және инженерлік  инфрақұрылым жобалары  да жүзеге асырылуда.  Соның бірі – «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен салынған «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы. Халықаралық талаптарға сай етіп салынған жаңа терминал ел игілігіне пайдалануға берілді. Шыны зауытына жаңа құрылғылар орнатылып, өнім шығару қуаттылығы екі есе артты. Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында жеке қаражат есебінен 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынды. Металл конструкция және асфальтбетон зауыттарының өндіріс қуаттылығы ұлғайтылды. Келер жылы айна шығаратын жоғары технологиялық зауыты, қалдықтарды қайта өңдеу,картон шығару, сүт және макарон өндірісі, сондай-ақ керамикалық кірпіш зауыты іске қосылады. Осындай маңызды нысандар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз, – деді П.Шамұратов.

Мұнан кейін ол қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар кәсіп иелерін қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Айта кетейік, семинарда «Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысы бойынша филиалының жоба менеджері Ербол Маралұлы жасанды интеллекттің артықшылығы, оны кәсіпкерлік саласында қолданудың тиімді жолдарын сөз етсе, «The One System» компаниясының негізін қалаушы Аслан Жұмабаев бизнесті жүйелеу әдістеріне тоқталды. Сондай-ақ «NP-Consulting» ЖШС директоры Ғалым Прекешев кіші өндіріс кәсіпорындарын дамыту жолдарын,  «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер туралы АШМ қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің бас сарапшысы Сұңғат Серікбайұлы жан-жақты түсіндірді. Ал азаматтардың қаржылай сауаттылығы төңірегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен айтты.

Жалпы кәсіпкер үшін маңызды әрі  өзекті мәселені көтерген жиында келелі ой айтылып, тұшымды пікірлер ортаға салынды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<