Кәсіпкерліктің өрісі кеңейді

694

0

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы биылғы жылдың 10 айын қорытындылады. Салада көңіл көншітерлік көрсеткіштер аз емес. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісі өрге басып, өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға бір кісідей үлес қосып жатқандардың қарасы көбеюде.

Өндіріс жақсарса, өмір де жақсарады

Жалпы биыл өңірде кәсіпкерлердің саны 12,6 пайызға артқан. Мемлекеттік қаржылай қолдаудың көмегімен облыста бірнеше шағын өндіріс пен қызмет көрсету орындары ашылды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Каюповтың айтуынша, аймақта кәсіпкерлік бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 124 376 адамға жетіп, экономикалық жағынан белсенді азаматтардың 35,8 пайызын құрапты. Сондықтан кәсіпкерлікті бір істі бастаған адамның ғана емес, халықтың қамын күйттеуге бағытталған негізгі сала ретінде қарастырсақ болады. 

Өндіріс жағынан кәсіпкерлер қалыс қалып жатқан жоқ. Биыл алғашқы 6 айдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 300,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұған қоса 42 млрд теңгеге 3,5 мыңнан аса жоба қаржыландырылған. Ал өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулына 1,1 трлн теңгені құрайтын 45 жоба енгізіліп отыр.

Жасыратыны жоқ, облыс көп уақыттан бері мұнай өндірісіне арқа сүйеп келген болатын. Алайда кейінгі жылдары бұл өндіріс біршама қысқарды. Есесіне жаңа бағыттарға жол ашылды. Биыл жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 310 жұмыс орны ашылатын 6 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның 4,3 млрд теңгеге бағаланған 2 жобасы іске қосылып үлгерді. Бұдан бөлек, 3,5 млрд теңгені құрайтын темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт өнім шығаруды бастады. Зауыттың қуаттылығы күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Былтыр іске қосылған шыны зауыты қазір үздіксіз өнім шығарып келеді. Зауыт іске қосылғаннан бері 167 мың тонна өнім берген.

Инвестиция – игілік көзі

Кез келген аймақтың экономикалық дамуына инвестицияның ықпалы зор. Бұл тұрғыда облыс оқ бойы озық. Биылдың өзінде өңірге 386,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 95,5 млрд теңгеге, яғни 27,7 пайызға артық. Жалпы биыл облысқа 424,2 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілген. Инвесторлар мен демеушілер есебінен жүзеге асырылатын жобалардан 45 млрд теңгедей қосымша резерв тартылды. Соның арқасында алдағы уақытта 472 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

Енді неміс тарапымен бірлескен жоба аясында фиброцемент, газобетон және құрғақ құрылыс материалдарын өндіретін парк құру жоспарлануда. Жоба арқылы өңірге 150 млн АҚШ доллары болатын инвестиция тарту және 500-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Бұның бәрі өз кезегінде аймақ инфрақұрылымының дамып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына әсер етпек.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<