Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Қызылорда облысында болды. Сенаторлар сапардың бірінші күні жерасты қатпарынан мұнай өндірілетін кен орнында болып, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
– Биылғы маусым айында Парламентте көмірсутегінің дәстүрлі емес түрлерін, оның ішінде тақтатас асты мұнайын барлау мен игерудің заңнамалық негізін қамтамасыз ететін түзетулер қабылданды. Сондықтан осы саладағы заңнамалық ережелерді іс жүзінде жүзеге асыру маңызды болып отыр, – деді депутат Ерік Сұлтанов.
Компания өкілдері сенаторларды тақтатас мұнайын өндірудің келешегі, барлау, бұрғылау, өндіру технологиялары, сондай-ақ кен орнының даму барысы туралы хабардар етті. Бұл компания қойнауы кенге толы «Қарағансайдағы» тақтатас жынысының асты мұнай мен газға бай екенін ел тарихында алғаш рет анықтаған болатын.
Келесі күні сенаторлар Байқоңыр қаласында болып, «Зенит» зымыран тасығышының монтаждау-сынау, ұшыру кешендерін, «Байқоңыр» ғарыш айлағы музейін аралады.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы «Orda School» мектебінің жұмысымен танысты. Оқу орны барлық білім беру стандарттарына сәйкес салынғаны және заманауи технологиялық жабдықтармен қамтылғаны туралы хабардар болды. Сенаторлар білім беру саласын дамытуға баса назар аударылатынын атап өтіп, еліміздегі осы саланы дамытудың ерекшелігі мен маңызына тоқталды.
Бұдан бөлек, депутаттар Н.Ілиясов ауылында болып, Сырдария ауданының кәсіпкерлерімен кездесті. «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС цемент зауыты жұмысымен танысты.«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<