Кәсіпорындардағы еңбек мәселесі ұдайы бақылауда

818

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар мекемелер мен кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мен жалақыны көбейтуге қатысты отырыс өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен салалық басқарма басшылары қатысты.

Бүгінде өңірдегі бірқатар компанияларда туындаған түйткілдер облыс әкімінің төрағалығымен өткен облыстық үшжақты әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия мәжілістерінде қаралып, нәтижесінде өзекті мәселелер оң шешімін тауып, еңбек ұжымдарындағы ахуал тұрақталып келеді. Мәселен, «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС 2022 жылдың 1 наурызынан бастап 394 жұмыскеріне, «СНПС-АйданМұнай» АҚ 1 ақпаннан бастап 328 жұмыскеріне жалақыны көбейтті.

Басқосуда кейінгі уақыттағы инфляция әсерінен тұрмысқа қажетті өнімдер бағасының қымбаттауына байланысты облыстағы 4 кәсіпорында жалақыны көбейту мәселелері қаралды. Нақтырақ айтқанда, «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС, «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ, «Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК, «М.Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО» ШЖҚ РМК-ның «Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» филиал қызметкерлері тарапынан еңбекақыны көтеру бойынша ұсыныс берілген. Облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияда оны шешу жолдары қаралуда.

Аймақ басшысы жұмысшылар тарапынан көтерілген мәселелердің нақты шешілу жолдарын заң шеңберінде қарап, әр кәсіпорын басшылығы әлеуметтік жағдайды ескеріп, еңбекақыны көтеруге және кәсіподақпен бірлесіп оң шешім қабылдауға мүдделік танытуы қажет екенін айтты. Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетовке жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиында жалақы қарызын төлеу мәселесі де қозғалды. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу үшін облыстық прокуратура, мемлекеттік кірістер, әділет департаменттерімен бірлесіп, апта сайын салыстырмалы акт жасалады.

Аймақ басшысы кәсіпорындар мен мекемелерде жалақы төлемін кешіктіру фактілері анықталған жағдайда дереу әрекет етуді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<