ҚР Кәсіптік-техникалық білім беру үздігі, Білім беру ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті қайраткері Сексенәлі Рахановтың туғанына 80 жыл толуына орай 29 қаңтар мен 5 ақпан аралығында «Сексенәлі Раханов – жұмысшы мамандар даярлау жүйесінің негізін қалаушы» тақырыбында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында апталық өтті.
Апталықта «Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай С.Рахановтың өмір жолы, қызметі, білім саласындағы еңбектері, іскерлігі, шығармашылығы бойынша насихаттық жұмыстар жүргізілді. «Қызылорда облысының кәсіптік-техникалық білім беру саласын қалыптастырған басшы» тақырыбында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары ардагерлерімен бірлесе отырып, С.Рахановтың басқарушылық тәжірибесі мен идеялары жайлы баяндамалар оқылып, талқылаумен жалғасты. Сонымен қатар, «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» тақырыбында барлық оқу топтарында танымдық тәрбие сағаттары өтіп, С.Рахановтың өмірі мен өнегелі еңбек жолы жайлы колледж түлектеріне кеңінен мағлұмат берілді.
Апталық аясында «С.Раханов оқулары» бастау алып, «Жұмысшы мамандар даярлаудың бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы облыстық педагогикалық оқу өткізілді. Облыстық кезеңге 4 бағыт бойынша ТжКББ ұйымдарының 40-қа жуық педагогі қатысып, қорытындысымен 12 жұмыс жүлделі орынға ие болды. Тақырыпқа сай бейнеролик байқауы ұйымдастырылса, С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлері арасында үстел теннисінен облыстық жарыс өтті. Үстел теннисі дәстүрлі іс-шараға айналатыны айтылып, жеңімпаз командаға ауыспалы кубок табысталды.
М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжде «Кәсіптік білім көкжиегін кеңейткен тұлға» тақырыбымен С.Рахановқа арналған кабинет ашылып, білім алушыларды жұмысшы мамандықтар бойынша оқытуға лайық жабдықталды. Сондай-ақ «Сексенәлі Раханов – техникалық және кәсіптік білім беру саласының көкжиегін кеңейткен тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Апталық іс-шара М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде өткен «Сексенәлі Раханов – жұмысшы мамандар даярлау жүйесінің негізін қалаушы» атты облыстық конференциямен қорытындыланды.
Жиында кәсіптік білім беру саласының майталманы, білікті басқарушы, іскер ұйымдастырушы, саналы ғұмырын осы саланы дамытуға арнаған Сексенәлі Рахановтың адами болмысы, ұстаздық ұлағаты жайлы терең мазмұнды баяндамалар жасалып, тебіреніске толы естеліктер айтылды.
Конференцияда баяндама жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Әлима Әбдіхалықова «Сәкең кәсіптік және жалпы педагогиканың қыр-сырын, көптеген мамандықтардың кәсіби болмысын, теориялық-практикалық мазмұнын үйреніп, игеріп, олардың сапасын қамтамасыз ететін методологиясын іске асырды» деп атап өтті.
Келелі жиында Сайлаубай Әбішев, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Вилорий Пак, кәсіптік білім саласының ардагерлері Иса Жетербаев, Бақыт Қырғызбаева С.Рахановтың кәсіптік білім саласын дамытудағы елеулі еңбегін естеліктеріне арқау етті.
М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжінің директоры Бектұр Қали оқу орнында «Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай жүзеге асырылатын жобалар жайлы айтты. Жиын соңында С.Рахановтың туысы С.Мусабеков және қызы, облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі Нұржамал Раханова сөз алып, танымдық іс-шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына алғыс білдірді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<