Каналдардың жағдайын көрді

985

0

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Сырдария ауданында егіншілермен кездесіп, егінге су жеткізу каналдарының жағдайымен танысты.

Айта кету қажет, Президент өткен жылғы Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жету мүмкіндігін айтып, Су ресурстары және ирригация министрлігіне су үнемдейтін технологияларды енгізуді, 20 жаңа бөген салуды, 15 су қоймасын күрделі жөндеуді, 3500 шақырым каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алуды, судың «көлеңкелі» нарығын жоюды, үнемдеу шараларын қабылдауды тапсырған болатын.

«Дәурен» және «Ескі бостандық» каналдарының жағдайын көрген Сенат депутаты Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің, диқандардың, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің каналдарды тазалау, су құрылыстарын жөндеуден өткізу жөніндегі өтініштерін тыңдады.

Бүгінде Н.Ілиясов елді мекеніндегі 11,7 шақырым «Дәурен» каналы тазартуды және бойындағы 8 су құрылысы жөндеуді қажет етеді. Қалжан ахун ауылындағы «Ескі Бостандық» каналының да 10,4 шақырымын тазарту және бойындағы 7 су құрылысын жөндеу керек.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің айтуынша, аталған каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, Су ресурстары және ирригация министрлігіне жолданған. Жоба қолдау тапса, Н.Ілиясов ауылының аяқсу мәселесі шешіліп, 1700 гектар егістік жер сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Қалжан ахун ауылына аяқсу барып, 202 гектар мал жайылымдық жер суландырылады.

Сенатор егіншілердің мәселелерін салалық министрлікпен бірге қарастырып, тиісті өтінімнің Қаржы министрлігіне жетуін назарда ұстайды.