Картоп бағасы неге көтерілді?

632

0

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік ішінде картопты тұтынушы көп. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тоқсан сайын осы өнімді бір адам 11 келіден тұтынады екен. Демек, көкөністердің ішінде картопқа сұраныс жоғары. Биыл оның бағасы әдеттегі уақытынан ерте қымбаттады. Себебін мамандар көрші елдерге, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуымен және экспорттық бағаның жоғары болуымен байланыстырып отыр. Картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен. Өнім бағасының өсуі көпшілікке оңай тимеді. Оған деген сұраныс ішкі нарыққа да әсер етуде. Мәселен, күні кеше картоп бағасы 400, кей жерлерде 450 теңгеден сатылып жатқанын білдік.

Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жағдайға күшейтілген қадағалау жүргізетінін, сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда олар нарыққа қатысушыларға шұғыл ықпал ету шараларын қабылдайтынын мәлімдеді. 

–    Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру үшін 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі.  Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды, – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Бұл картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталып отыр. ҚР АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қорлар биылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. Картоп өсірушілер қауымдастығы бойынша 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларындағы 68 мың тонна, жеке қосалқы және шағын шаруашылықтардағы жертөлелерде 200 мың тоннадан астам өнім бар.

Ал өңірде бұл мәселе қалай шешімін табуда? Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан сұраған едік. Басқарманың мәліметінше, облыс өз өндірісі есебінен  тұрғындардың картопқа қажеттіліктерін ішінара қамтамасыз етіп келеді, басым бөлігі республиканың солтүстік өңірлерінен жеткізілуде.

Еліміздің экономикасы нарықтық экономика жолымен дамып келеді, осы ретте бизнеске еркін дамуға мүмкіндіктер берілген.   Кейінгі уақытта өндіруші өңірлерде экспорттың арту себебінен сұраныстың ұлғаюы салдарынан көтерме бағалар жоғарылап, базардағы баға 380 теңгеге жетсе, «Магнум», «Анвар» супермаркеттерінде 400 теңгеге барды.   Супермаркет өкілдерінің айтуынша, жергілікті филиалдарға орталық офистерінен тасымалданатындықтан жол шығыны қоса есептеледі. Дегенмен, әкімдік тарапынан облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, жеткілікті өнім қоры сақталуда.

Қазіргі кезде тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1000 тоннаға жуық картоп өнімі бар және бұл қаланың барлық мөлтек ауданында орналасқан 35 әлеуметтік дүкен желісінде 143 теңгеден еркін түрде ешқандай шектеусіз босатылуда.

Сондай-ақ тұрақтандыру қорымен өзара әріптестік негізінде бірге жұмыс істеуге келісімге келген 9 ірі сауда үйі мен 16 үй маңындағы дүкендер арқылы тиісті сауда үстемесімен 158 теңгеден босатылуда.

Биыл жергілікті өндірушілерден форвардтық негізде және өзге де өңірлердің өндірушілерінен 4018 тонна картоп сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалып, қажеттілігіне қарай тұрақтандыру қорының қоймаларына жеткізілуде.

Әлеуметтік дүкендерде картоп бағасы қаншадан сатылып жатыр? Адам басына берілетін мөлшер бекітілген бе? «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Мейрамбек Серікбайдың айтуынша, облыста баға тұрақты әрі қорда жеткілікті көлемде сақталуда.

–    Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1000 тонна картоп өнімі сақтаулы. Өнім әлеуметтік дүкендер желісіне 135, ірі сауда үйлеріне 143 теңгеден босатылып жатыр. Ал нарықта 380 теңгеден сатылуда.  Биыл форвардтық жүйе арқылы жергілікті өндірушілер және тікелей кәсіпкерлермен картоп өнімін сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалған. Аталған өнім қоры арқылы өңірімізде 3 айдан аса уақыт баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндігіміз бар, – дейді ол.

Жыл сайын белгілі бір өнімнің бағасы шарықтайтын болса, әлеуметтік дүкендерде оның адам басына берілетін мөлшері бекітілетін. Бірақ бұл жолы картопқа қатысты мұндай шектеу жоғын білдік. Әр дүкенге күнделікті 2-3 қаптан беріліп, мониторингтік топ қадағалап отырады. Демек, алып-сатарлыққа жол жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мен қамтамасыз етілу жағдайына талдау жүргізуде тиісті органдар мен арнайы комиссия жұмыс жасауда. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларына 15%-дан артық негізсіз үстеме қою, баға көтеру фактілерімен сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, кассалық чек бермеу фактілерімен кірістер департаменті айналысады. Сонымен қатар азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Бүгінде тұрақтандыру қорында құны 1 млрд 241,6 млн теңге болатын 3869,3 тонна азық-түлік бар. Бұдан бөлек, келісім-шартқа сәйкес әлі де жеткізушіде 518,9 млн теңге сомасын құрайтын 8665,5 тонна өнім қоры бар.

 Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»