Каспийде жоғалған маңғыстаулық екі балықшы табылмай жатыр

461

0

Фото: Маңғыстау облыстық ТЖД

Маңғыстау облысында Каспий теңізіне балық аулауға шыққан екі тұрғын он күнге жуық уақыттан бері табылмай жатыр.

3 сәуірден бері іздеуге алынған Түпқараған ауданының екі балықшысын іздеу жұмыстары жалғасып жатқанымен, нәтиже жоқ.

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінмұхаммед Пірімжанның сөзінше, әзірге екі адамға қатысты іздеу кезінде нәтиже болмай отыр.

«3 сәуір күні таңертеңгі сағат 07:40 шамасында Форт-Шевченко қаласынан Қызыл Өзен ауылы бағытына қарай Үрдек теңіз жағасынан шамамен 25-30 шақырым қашықтықта екі ер адам балық аулауға шыққан. 1985 және 1982 жылы туған тұрғындар 2 сәуір күні сағат 22:30 шамасында үрмелі қайықпен балық аулауға кеткені белгілі болды. Алайда олар қайта оралмаған. Анықталған ақпарат бойынша оларда балық аулау торы болған. Шақырту түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары басталды. Алайда әлі күнге дейін іздестіру-құтқару жұмыстары нәтиже берген жоқ», – деді Дінмұхаммед Пірімжан.

Оның сөзінше, екі балықшының нақты қай жермен жүргенін анықтау мүмкін болмаған.

«Себебі екі азаматтың қай жерден қай бағытқа қарай шыққаны түсініксіз болып отыр. Департаменттің сүңгуір құтқарушылары туындаған қиындықтарға қарамастан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстарына Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 44 адам, 6 бірлік техника, 7 бірлік жүзу құралы, 1 бірлік ұшқышсыз ұшу аппараты, ҰҚК Шекара қызметінен 21 әскери қызметкер, 1 кеме, «Қазавиақұтқару» АҚ 3 адам, 1 бірлік Ми-8 тік ұшағы жұмылдырылды», – деді Дінмұхаммед Пірімжан.

Бұған дейін Маңғыстауда Каспий теңізінде жоғалған екі балықшы туралы облыстық ТЖД өкілдері мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ, Түпқараған ауданы аумағында Каспийде қырылған итбалықтар саны 100-ден асып жығылды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<