«Kausar Travel-мен байланысым жоқ»: Бекболат Тілеухан ағынан жарылды

648

0

200-ден астам адамды қажылыққа апарамын деп алдаған «Kausar Travel» компаниясының басшысы кәсіпті экс-депутат Бекболат Тілеуханмен бірге жүргізгенін айтқан болатын. Бекболат Тілеухан Kausar Travel атты турфирманың және Медет Мұратбаев есімді азаматтың бар екенінен де  бейхабар екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бекболат Тілеухан бұл туралы Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.

“Жалақорға жауап…! Өзіммен-өзім болып, кітабымды жазып, берелерімді жазбаша түгендеп, бала-шаға, әулеттің қамына ғана көңіл бөліп, намазымды оқып, жасымыз да біразға жетті, басқаның бәрінен бас тартамын деген оймен жүргенмін ғой. Бірақ бүгін осылай елдің алдына шығып сөйлеуге мәжбүр болып отырмын, қажеттіліктен шығып отырмын. Осыған уақытқа дейін талай жала жабылды. Қару сатты деді, анасын өлтірді деді, анасын тігінен көмді деді. Оның неге керегі бар? Ән ұрлады, Саудиядан қаржы алды, Сирияға кісі жіберді деді. Енді не бар? Біраз жала жапты. Олардың бәріне пәлендей көңіл бөлген жоқпын. Нанар, нанбас, қисынсыз нәрсе. Нанғысы келгендер, нанғандар болды деген сияқты. Бірақ мына соңғы жала тіпті ауыр болып кетті. Өйткені қарапайым халықтың тірнектеп жиған, Меккеге деген махаббатынан шығып, аузынан жырып жинаған адал ақысын жымқырып кету деген – өте бір ауыр жала. Ол жаланы жауып отырған Медет Мұратбаев дейтін бала екен. Ол бейшараға да біреулер айтқызып отыр. Ол: «22 жылы күзде Алматы қаласында бәленбай миллион теңге Бекболатқа бердім» депті. Бекболат 22 жылдың наурызы мен 23 жылдың қаңтарында Қазақстан топырағына табанын басқан жоқ, айтатын адам айта береді ғой”, – дейді Бекболат Тілеухан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<