Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаевтың төрағалығымен кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы өтіп, онда 5 мәселе қаралды.
Бірінші кезекте мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының орындалуы, Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытындағы атқарған жұмыстары туралы екі құрылым басшысының есебі тыңдалды.
Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова есепті кезеңде мемлекеттік бақылау шаралары бойынша 20 ішінара тексеру жүргізілгенін хабарлады. Оның ішінде 11 мектеп пен 5 балабақша бар. Тексерулер нәтижесімен 24 әкімшілік іс қозғалып, 310 АЕК айыппұл салынған. 15 білім беру мекемесінің лицензиясы уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар, заңды және жеке тұлғалар өтініштеріне және 11 нұсқаулықтың орындалуына жоспардан тыс тексеру өткізілген.
Былтыр 35 профилактикалық бақылау болып, мемлекеттік қызметті лицензиялауға қатысты 99 өтініш түскен. Ғ.Дәулетова өзі басқарып отырған департамент білім сапасын қамтамасыз ету департаменті болып қайта құрылуы себепті бұрынғы міндеттерге балалар қамтамасыз ету де қосылғанын жеткізді.
Облыстық жер пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге өзі осы басқармаға басшылық еткен төрт жылдан астам уақытта ұжым мүшелері тарапынан ешқандай заң бұзушылық орын алмағанын жеткізді. Десе де игерілмей тұрған жер учаскелеріне қатысты әлі бірқатар мәселелер шешімін таппаған. Басқарма басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бақылау аудандық әкімдіктерге жүктелгенін айта келе, кәсіпкерлік мақсаттағы игерілмей тұрған учаскелердің иелері басқа облыстарда тұратын болғандықтан кейбір қиындықтар туындағанын түсіндірді. Мәселен, пайдаланылмай тұрған 46 учаскенің 42-сі Бердіғожин және Даярова деген ерлі-зайыптының атында. Негізінде ол жалпы аумағы 2-3 гектар шамасындағы бір ғана учаске болған. Кейіннен бөлшектеніп, 42-ге бөлінген. Кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге мораторий жариялану себепті әзірге оларға қатысты шара көруге мүмкіндік жоқ. Бұл жөнінде облыстық әкімдік, облыстық прокуратура хабардар.
Отырыста облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов есеп берді. Мұнан соң баяндамашыға кеңес төрағасы мен мүшелері атынан облыстық әкімдіктің қызметтік көліктері жүрісіне мониторинг жасалмайтыны жөнінде қатаң сын айтылды. Түн мезгілінде немесе демалыс күндері мемлекеттік нөмірлі қызметтік көліктердің сауда үйлері жанында тұрғаны бірнеше рет көзге түскен. Бұл туралы әлеуметтік желілерде жарияланып жатса да оған қатысты тиісті түсінік пен жауап берілмеген. Сондай-ақ, облыстық басқармаларда Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл жанындағы ақпараттар жаңартылмаған. Осы мәселелерге байланысты Х.Тарбақовқа жұмысты ширату жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Отырыста Қазалы ауданы “Арықбалық” ауылдық округінің әкімі Мәулен Қайруллаевтың тәртіптік ісі қаралды. Ол аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы қызметінде жүргенде Наурыз мерекесін өткізуге байланысты ақша жинауда түсінбестік орын алған. Жиналған қаржыға тұрмысы төмен отбасыларға дастархан жайылып, мереке ұйымдастырылған. Жиналған ақшаны кабинетте беріп жатқаны бейнебақылау камерасына түскеннен кейін, тиісті мекеме қызметкерлері тарапынан күдік тудырып, тексеріс жүргізіледі. Кейіннен ешқандай заң бұзушылық орын алмағаны анықталады.
Кеңес мүшелері мұндай шараларды ұйымдастыруды ұжымдағы кәсіподақ немесе басқа да қоғамдық ұйымдарға тапсыру қажеттігін ескертіп, кемшіліктер жібергені үшін “сөгіс” түріндегі тәртіптік жаза белгіледі.
Кеңестің күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметоваға бұған дейін қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуға келісім беру жайы талқыланды. Әдеп жөніндегі кеңестің былтыр қазандағы өкімімен Г.Рахметоваға “ескерту” түріндегі тәртіптік жаза белгіленген болатын. Бөлім басшысының содан бергі уақытта өз қызметін жақсы атқарып, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын ескеріп, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлім басшысына тағайындалған тәртіптік жазаны алып тастау жөнінде өтініш түсірген. Кеңес мүшелері тәртіптік жазаны алып тастауға бірауыздан келісімін берді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<