Келелі мәселе кездесуде айқындалады

508

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын халыққа есеп береді. Осы орайда Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара, Абай, Ғани Мұратбаев ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті.

Алғашқы кездесуді Басықара ауылында бастаған Мұхтар Әуесұлы жұртшылықты Қызылорда облысының 85 жылдық және Қазалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуымен құттықтады. Сонымен қатар жуырда ғана ауданда өткен ауқымды шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуындағы елдің ауызбіршілігіне ризашылығын жеткізді.

Мұнымен қоса ел ішіндегі жағымды жаңалықтарды сөз етіп, тұрғындардың ұсынысына сәйкес шешімін тауып жатқан мәселелер де айтылды.

Ауылдық клубтағы басқосуда тұрғындар бірқатар түйткілдерді тілге тиек етті. Атап айтсақ, көпшілік округ ішіндегі жолдар, су ұңғымасын қазу, балабақша, дәрігерлік амбулатория және жарық жайын ортаға салды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Тұрғындармен кездесу мұнан соң Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарында жалғасын тапты. Аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.

Түс ауа аудан әкімінің көпшілікпен кездесуі Абай, Ғани Мұратбаев ауылдарында жалғасты. Мұнда да ауыл тұрғындары маңызды мәселелерді ортаға салды.

Аудан әкімі елді мекендерге сапары кезінде жеке қабылдауға жазылған азаматтармен кездесті.

Халықпен кездесулерде аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары болды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<