«Келешек»: 7 миллионан аса қаржы жиналады

611

0

Фото: автордан

Алдағы уақытта Қазақстанда жыл сайын түлектерге білім беру гранттарын тағайындау тоқтатылуы мүмкін. Себебі «Келешек» ынтымақты жинақтаушы жүйесі әрбір балаға білім алуға қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік бермек. Арнайы есепшотқа мемлекет те, ата-ана да ақша салады. Ал оқуға жетпей қалса, жеңілдетілген несие немесе дифференциалды грант алуға болады. Жаңа жүйе бойынша білімге ақша жинау тәртібі мен есепшотта қанша қаражат жиналатыны туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ашық» университетінің бірінші проректоры Абайбек Жүнісов айтты.

– Елде бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады. Бүгінде мемлекеттік білім тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ке дейін қысқарады деп болжануда. Мәселен, облысымызда биыл 180 мыңға жуық бала мектеп бітірсе, бұл меже келер жылы болжам бойынша 192 мыңға жетуі ықтимал. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 мыңнан асады деп болжануда. Бұлай дейтініміз, биылдың өзінде бірінші сыныпқа барған бала саны 382 мыңды құрап отыр. Мінеки, осыдан-ақ мемлекет тарапынан балалардың болашағы үшін қыруар қаражат жұмсалайын деп отырғанын түсінуге болады. Оның үстіне гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейді. Ал жаңа жоба алдағы болуы мүмкін қиындықтарды еңсеруге көмектеспек, – деді ол.

Проректордың айтуынша, жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады. Оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам ақша жиналады. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады. Ескеретін жайт, мұнда халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе, өзгерістер жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болмақ.

– Жүйеде ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған. Оған қоса «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында да қаражат жинақталады. Бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.Мемлекеттік гранттарды тағайындау тоқтатыла ма деген мәселеге келсек, оқушылар ҰБТ қорытындысы бойынша үміткер бола алатын мемлекеттік білім беру гранттарын бекіту жүйесі сақталады.«Келешек» жүйесі азаматтарды қолдаудың қосымша тетігі болмақ. Бұл ретте талапкер грантқа түскен жағдайда, шотында жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Атап айтарлығы, жүйені құру аясында барлық жинақтау процесін цифрландыру, толығымен ашықтықты қамтамасыз ету және тиісті модульді екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына интеграцияланатын болады, – деді А.Талғатұлы.

Жаңа жүйеде оқуға жетпей қалған балалардың мәселесі де ескерілген. 18 жасқа толғанда есепшотта білім алуға қажетті ақша жиналмаса, жеңілдетілген несие немесе дифференциалды грант ұсынылады. Жеңілдетілген несиелер 2-3 пайызбен берілсе, дифференциалды гранттар ҰБТ-ның нәтижесіне қарай оқу ақысының 30-100 пайызын жабуға көмектеседі. Сосын «Келешек» ынтымақты жинақтаушы жүйесінде тағы бір механизм болады. Оған сәйкес, есепшот өмірді сақтандыру компаниясы арқылы ашылса, сол шотты ашқан ата-ананың біреуі қайтыс болған жағдайда сақтандыру төлемі беріледі. Оны да білімге жұмсауға мүмкіндік бар.

Қалай десек те, аталған жинақтау жүйесі болса, университеттер талапкер үшін таласады. Сапалы білім беруге тырысады, өзара бәсеке күшейеді. Себебі әрбір түлекпен бірге есепшоттан қыруар қаржы да аударылады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы«

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<