Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді.
— Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, сұранысы бар даярлау бағыттары, оның ішінде техникалық бағыттар бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттары санын ұлғайту (2029 жылға қарай кемінде 75 мың) ескерілген, — делінген Ғылым министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, 2024-2025 оқу жылында білім беру гранттарының саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5000 білім беру грантына көбейген.
— Бұл ретте, білім беру гранттарының санын көбейту бойынша тиісті жұмыстарды министрлік үздіксіз жалғастырады, — деп аталып өткен министрлік мәліметінде.
Айта кетейік, грант тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.
Жалпы, конкурс нәтижесінде 79 мыңға жуық білім гранты үлестірілді. Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Бір грант орнына ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығында болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<