Келіндер сайысы мәресіне жетті

1318

0

«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында партияның  Жалағаш аудандық филиалына қарасты «Еңбек ауылдық округі» БПҰ ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымдары арасында «Ісмер келін» сайысы өтті.

Сайыс шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тілеген «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева «Ұлттық мұра» партиялық жоба мен келіндер сайысының  мақсат – мазмұнына тоқталды.

«Ұлттық мұра» партиялық жобасы мәдениетімізді насихаттау мен  ұлттық тәрбиені арттыруға бағытталған. Жоба аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі сайыстың мақсаты ұлттық мұрамызды ұлықтап, бүгінгі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы керек игі қасиеттерді қайта жандандыру, өнер әлеміне жетелеу, ежелден қазақ келіндеріне тән әдемілік пен ізеттілік, инабаттылық сияқты асыл қасиеттерді насихаттау, ақылды да, үлгілі келіндерді елге таныстыру. Бұл асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру баршамыздың міндетіміз», – деді Қаншагүл Мұстафаева.

Жалпы шараға «Жаңадария ауылдық округі», «Қаракеткен ауылдық округі», «Мақпалкөл ауылдық округі», «Мырзабай ахун ауылдық округі», «Аққыр ауылдық оургі», «Аққұм ауылдық округі»,«Мәдениет ауылдық округі»,«Ақсу ауылдық округі»,«Бұқарбай батыр ауылдық округі»,«Еңбек ауылдық округі», «Таң ауылдық округі» бастауыш партия ұйымдарынан 11 келін қатысып, 3 кезең бойынша бақ сынады. І-кезеңде жартылай дайындалған қолөнер бұйымдарып, сол жерде аяқтап қазыларға ұсынса, екінші кезеңде салт-дәстүрге байланысты дайындалған сұрақтарға жауап береді. Ал үшінші кезең «Үй тапсырмасы». Яғни, қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын дайындау жөнінде алдын – ала берілген тапсырмаға сай бейнеролик әзірлеп көрсетіп, сол бейнетүсірілімде өз қолымен дайындаған тағамдардың дәмін татқызды.

Сайысқа облыстың Құрметті ардагері, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева, ардагер ұстаз, облыстық «Парасатты Әже», облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, аудандық «Әжелер» ансамблінің мүшесі, «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің 10 дүркін лауреаты Балкүл Жалғасбаева және жыршы, ҚР мәдениет қайраткері, фольклортанушы Берік Саймағанбетов қазылық жасады.

Сайыс қорытындысы бойынша «Инабатты келін» номинациясымен «Жаңадария ауылдық округі» БПҰ атынан қатысқан Айжан Хамитова, «Ибалы келін» номинациясымен «Қаракеткен ауылдық округі» БПҰ-нан Манура Ізімбет, «Шебер келін» номинациясымен «Мақпалкөл ауылдық округі» БПҰ атынан Айдана Қыпшақбай және «Көрікті келін» номинациясымен «Мырзабай ахун ауылдық округі» БПҰ атынан қатысқан Айсұлу Тайжан марапатталды.

Келіндер сайысы мәресіне жетті

Содай-ақ, «Аққыр ауылдық оургі» БПҰ-нан Қымбат Оразымбет, «Аққұм ауылдық округі» БПҰ-нан Ақмарал Абажанова және «Мәдениет ауылдық округі» БПҰ Арайлым Рахметова жүлдері ІІІ орынмен марапатталса, «Ақсу ауылдық округі» БПҰ қатысушысы Назгүл Көлжанова мен «Бұқарбай батыр ауылдық округі» БПҰ-ның қатысушысы Гаухар Жұмабаева жүлделі ІІ орынды бөлісті. Үш кезеңді қамтыған сайыс барысында барлығынан өзінің өнерімен оза шапқан «Еңбек ауылдық округі» БПҰ қатысушысы Ағжан Нұрмағанбет жүлделі І орынды иеленсе, «Ісмер келін» сайысының Бас жүлдесі «Таң ауылдық округі» БПҰ атынан қатысушы Зарина Мейірмановаға бұйырды. Барша қатысушылар «AMANAT» партиясының арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<