Келісімге бастаған кездесулер

177

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сычуань провинциясының губернаторы Ши Сяолиньмен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.

Сычуань – табиғи газ өндірісімен, ауыл және орман шаруашылығымен айналысатын, электр энергиясын экспорттайтын Қытайдағы ірі аймақтардың бірі. 

– Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, жаңа Жібек жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін байланыстырады.

Қытай негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, өзара тауар айналымы мен инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қызылорда облысында қытайлық бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берік негізі қаланғанын, мол тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақтағы 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.

«Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 млн тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіліп, 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.

***

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, аймақ делегациясының іссапарын қысқа мерзімде әрі жан-жақты ұйымдастыруға көрсеткен қолғабысы үшін алғыс білдірді.

– Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы ірі жобаларды іске асыруды, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырды. Жұмыс кестесінің тығыздығын ескеріп, құрамында тәжірибелі кәсіпкерлер бар делегация іссапармен келдік.

Бүгін сізбен кездесіп, Қызылорда облысы мен Қытай арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылағанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

Қытай – Қазақстанның серіктесі және біздің облысымыз осы елдің компанияларымен өзара тиімді байланысты одан әрі дамытуға мүдделі. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылғы Қытайға іссапар кезінде қол жеткен келісімдер аясында Қызылордада жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылды.

Қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел-электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Оның біреуін қытайлық «Huadian» компаниясы қолға алған. Осы жолғы іссапарымыз да өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп ойлаймын, дипломатиялық қызметіңізге табыс тілеймін. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен әрекеттеріміз биіктерге жеткізеді деп сенемін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

***

Аймақ делегациясының Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында елшілікте бірнеше маңызды келісімге қол қойылды. «Саутс-Ойл» ЖШС мен Қытайдың «Carrie Technology Holding Limited» компаниясы арасында мұнай саласындағы ынтымақтастық, «Абзал және К» ТС мен «Hubei Yongxiang Food Processing Machine» компаниясы арасында күріш өндірісі саласындағы келісім және «Алтын орда» ЖШС мен «Jiangsu Hanpu Mechanical Technology» компаниясы арасында тұз өндіру саласындағы әріптестік орнатылды.

Аймақ басшысы облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтып, Қытай компанияларын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

– Қызылорда облысында минералды шикізат ресурстарының, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран қоры мол. Тау-кен металлургия саласындағы ерекше назар аударатын жобалардың бірі «Шалқия Цинк LTD» акционерлік қоғамының полиметалл кен орындарын игеру бойынша арнайы ұсынысымыз бар. Бүгінгі кездесуге компания директоры Асқар Тлеулин мырза да арнайы қатысуда. «Шалқия Цинк» жобасы бойынша жылына 4 миллион тонна кен өңдеу жоспарланған.

Қазіргі уақытта жерасты жұмыстары басталды. Жобаға 309 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Өндіріс осы жылдың II тоқсанында, ал байыту фабрикасы 2026 жылы іске қосылады. Оған дейін «Шалқия» кені еліміздегі басқа байыту фабрикаларында өңделетін болады.

Қазір кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді, ал фабриканы іске қосқаннан кейін 1500-ге артады. Бұл өз кезегінде аймақтың еңбек нарығына оң әсер етеді.

Сіздерді бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Облыс әкімдігі тиісті жер телімін беруге, инженерлік-инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімі.

***

Жұмыс сапары одан әрі Бейжің қаласында жалғасты.

Облыс әкімі мен жауапты сала басшылары, Сыр елінің кәсіпкерлері қытайлық «Geo-Jade Petroleum Corporation», «KALE Group», «East Hope Group» компанияларының басшыларымен кездесіп, мұнай-газ, тау-кен металлургия салаларына инвестиция тарту және «Шалқия» жобасы бойынша келіссөздер жүргізді.

– Біз Қытайдың озық технологияларын облыс өнеркәсібіне енгізу мақсатында арнайы іссапармен келдік.

Ерекше назар аударатын жобалардың бірі – «Шалқия Цинк LTD» акционерлік қоғамының полиметалл кен орындарын игеру. Сіздердің компанияларыңыздың заманауи технологиясы мен тәжірибесін пайдаланып, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<