Бұрындары Қожакент ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бір шоғыры тұрды. Олар Мүтәл Нұрманов, Әмит Қашқынов, Көшербай Серікбаев, ағайынды Мұхамеджан, Әнәпия Әлжановтар, Зәкір Бейбітов, Молдахан Әшімов, Есқожа Ысқақов және менің әкем Оразбек Қашқыновтар еді.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында олармен мектепте, ауыл клубында кездесулер өткізіліп жататын. Олардың майдан даласында жасаған ерліктері бүгінде аңызға айналып кетті. Қазір барлығы да о дүниелік болған. Бірақ майдангерлердің есімдері ауылдастарының жүрегінде мәңгі қалды. Ауыл тұрғындары бас қосқанда оларды сағынышпен еске алып, соғыстағы ерліктерін айтып отырады. Осылардың ішінде әкем Оразбек Қашқыновтың есімі ағарту саласында жұмыс істегендерге жақсы таныс. Ол – барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Алғаш еңбек жолын 1937 жылы қатардағы мұғалім болудан бастаған. 1941 жылы елімізге неміс фашистері соғыс ашқан кезде алдымен ағасы Әмит, одан кейін артынша қыркүйек айында өзі аттанады.
Әкем Польша, Эстония жерлерін азат етуге қатысады. Соғыста политрук, рота командирі болған. Отан қорғаудағы жанқиярлық ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі және екі рет «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1944 жылы соғыста аяғына оқ тиіп, аға лейтенант шенімен бір аяғын майдан даласына қалдырып, елге мүгедек болып оралады. Соғыстан кейін мұғалімдік жұмысын қайта жалғастырады. Сол кездегі «Мәдениет», «Жаңа жол» колхоздарында, кейін Қожакент ауылындағы мектептерде сабақ берді. Ұлағатты ұстаз мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Ол 45 жылдан астам білім саласында еңбек етіп, мұғалімдер арасында үлкен беделге ие болды. Қожакент ауылындағы мектепті аудандағы үздік білім ошақтарының қатарына қосты. Іскер басшы атанды. Мектептің оқу материалдық базасын нығайтуға ауқымды жұмыстар атқарды. №168 орта мектептің құрылысын салудағы оның атқарған жұмыстарын ауылдастары әлі күнге ұмытқан жоқ.
– Оразбек ағаймен көп сырласушы едім. Ол ең ауыр майдан Балтық жағалауындағы мемлекеттерді азат етуге қатысқан. Соғыс кезінде рота командирі болып, майор шеніне дейін көтерілген. Соғыстағы жанқиярлық ерліктері үшін дивизия командашысы Совет Одағының Батыры атағына ұсынып, қуанышты хабарды анасына жеткізеді. Өкінішке орай, 90 жасқа келген анасы бұл хатты сақтай алмапты. Алайда бір шабуылда оның 2 солдаты тұтқынға түсіп, немістер оларды Совет Одағына қарсы үгіт жүргізуге пайдаланған екен. Мұны естіген қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері рота командирін айыптап, шенін төмендетіп, алғы шепке соғысқа жіберген. Эстонияның Шауляй қаласында оң аяғына оқ тиіп, кестіріп жалғыз аяқпен елге оралады. Сөйтіп ол атақ Орекеңе бұйырмапты, – дейтін.
– Мен Оразбек ағайды ардагер ұстаз ретінде мақтаныш тұтатынмын, – дейді мектеп директоры болған зейнеткер Үміт Хасенова апай. – Ағайдың мектептегі атқарған қызметімен қатар, оның ауыл азаматтарын тәрбиелеудегі еңбегі көп. Ол кісі соғыс салған жарымжандығына қарамастан, ел үшін қиын уақытта қайсарлықпен еңбек етті. Ағайдың соғыс кезінде айтқан әңгімелерін көп тыңдайтынбыз.
«Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бар. Сол сөзге мен соғыста жүргенде көз жеткіздім», – деп бастайтын ағай әңгімесін. Соғыстың нағыз қызған шағы болса керек. Польшаны жаудан азат етіп жатқан әскерді жау ұшақтары бомбаның астына алады. Аға бір үлкен шұңқырды көріп, солай қарай жүгіріпті. Бірақ шұңқырға түспекші болған оны ішінде отырған солдаттар айқайлап, кіргізбей қуып жіберіпті. Амалы таусылған ағай басын сауғалап жата қалыпты. Бір кезде гүрс еткен дауыс естіледі. Үстін топырақтан тазалап, кіргізбеген шұңқырға қараса бірде-бір адам жоқ. Бәрі быт-шыты шығыпты. «Небір ажал оғынан аман қалдым. Көрер жарығым бар екен. Туған жерімнің тұз-дәмі бұйырыпты. Құдайға шүкір, балалы-шағалы болдым. Міне, өздеріңмен қызметтес болып отырмын» дейтін.
1997 жылы облысымызда «Боздақтар» деген кітап шықты. Осы кітапта қаза тапқандардың арасында менің әкем Оразбек Қашқынов та бар. Кітапта оны 1941 жылы тамызда майданға аттанып 391, АП, 1024 құрамында болып соғысқа қатысқан. 1943 жылдың 6 наурызында қаза тауып, Ленинград облысының Залучск ауданы, Подолжено селосында жерленген» делінген. Ал әкем болса соғыстан аман-есен келіп, 1997 жылы дүние салды. Анам Патыма екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да отбасылы болған.
Әкем Оразбек Қашқынов 1920 жылы Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылдық округінде туған. Ол ұрыс даласында жүргенде қолы босаған сәтте өлеңдер мен күнделік жазған екен. Күнделік латын әрпімен жазыпты. Осы сарғыш тартқан күнделіктер мен өлеңдер менде сақтаулы тұр. Бұл туған жерге, елге сағыныштан туған өлеңдер деп ойлаймын.
Немерелері әкеміздің ерлігіне біз арқылы қанықты. Ауылдастары да үлкен жүректі ұстаз атанған, оның бейбіт өмірдегі еңбегін әлі айтады. Елі барда әкемнің ерлігі ұмытылмақ емес.
Ұлтуар ҚАШҚЫНОВА.
Жаңақорған кенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<