Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып, жыл сайын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны артып келеді.
Осы мақсатта өңірде өз кәсібін ашып, дөңгелетіп, мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып отырған кәсіпкерлер өзін және ортасын жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуда.
Солардың бірі – Дәулет Примжанов. Ол сыртқы және ішкі есіктер өндірумен айналысады. Жеке кәсіпкер Дәулет Примжанов өз қаражаты есебінен құны 150 млн. теңгені құрайтын жобаны 2021 жылы іске қосып, жергілікті тұрғындарды сапалы әрі бағасы қолжетімді есіктермен қамтамасыз етуде.
Заманауи құрылғылармен жарақтандырылған цех 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Кәсіпорын күніне 20-30 дана есік жасап, сатылымға шығарады.
– Осы кәсіппен айналысып жатқанымызға 20 жылдан аса уақыт болды. Өзіміздің өнімді шығаруды мақсат етіп, нәтижесінде сапасы жағынан шетелдің өнімінен кем емес сыртқы және ішкі есіктер өндірісін қолға алдым. Қазіргі таңда, өнімдеріміз жоғары сұранысқа ие болып, тұрақты тұтынушыларымыз қатары көбейді. Сондықтан, алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын екі есеге арттыру және өнім түрлерін көбейту жоспарлануда, – дейді кәсіпкер.
Елімізде отандық өнімге қашанда сұраныс жоғары. Сондықтан жеке кәсіпкерлер халықтың сұранысын қанағаттандырса, сырттан келген өнімге де мұқтаждық азаяды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<