Кемеңгер ақын, ұлы аудармашы

4823

0

Абай – ақын, ағартушы, философ, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Осы тұлғалық қасиеттеріне қосылатын тағы бір қыры – аудармашылығы.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай 1845 жылы Абай облысының Абай ауданында туған. Абайдың әкесі Құнанбай аға сұлтан болған, өз елінің беделді адамы. Шешесі Ұлжан қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан Абайға ертегі, аңыз әңгімелерді айтып, халықтың ауыз әдебиетімен таныстырып отырған. Молдадан 3-4 жыл оқығанда зеректігі байқалып, әкесі оны Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға жібереді. Медреседе 4 жыл оқығанда, араб, иран, Орта Азия классиктерінің шығармаларымен танысқан. Әкесі Абайды ел басқару ісіне бейімдеу мақсатымен оқудан қайтарып алады. Семейде жүргенде Абай орыс тілін үйрену үшін 3 ай орыс мектебінде оқиды. Абай қазақтың білгірлері, шешендері, ақындары, жыршы, әнші-күйшілерімен жиі кездесетін, осылайша өз халқының рухани мәдениетімен танысады. Өзі де билер үлгісінде шешен сөйлеуге жаттығады.

Ал енді мәдениетін, әдебиетін, тарихын бізден ертерек хатқа түсірген орыс халқының атақты тұлғаларының шығармаларын қара ормандай ұйысып отырған қазақ даласына қалай жеткізген деген сұраққа келейік.  Абай сол кезеңде Семейде тұрған XIX ғасырдағы орыстың саяси көзқарастары үшін жер ауып келген революционерлерімен танысады. Олар революцияшыл интеллигенцияның өкілдері, Чернышевскийдің жолын қуушылар еді. Ақынның дүниетанымына сондай-ақ сол кезеңде Семейде тұрған, жоғарыда сөз болған орыс ұлтының революцияшыл интеллигенциясының өкілдерімен достығы да игі әсерін тигізді. Олардың арасында Е.Михаэлис, Н.Долгополов т. б. демократиялық идеяда тәрбиеленген алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері бар еді. Саяси көзқарастары үшін жер аударылып келген Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, А.Леонтьев т.б. орыс оқымыстыларының ақынның ой-өрісін кеңейте түсуге тигізген ықпалы орасан болды. Өз заманының ғұламасы болған Абай сонымен қатар, көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, И.Крыловтың, В.Белинскийдің, А.Герценнің, Н.Чернышевскийдің, Н.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттейді, орыс революционер-демократтарының озық ойы оның дүниетанымының қалыптасуына бағдаршам болды.   

Орыс классиктерінің шығармалары қазақ даласында озат адамгершілік идеалдардың жаршысы бола алатыны көп оқып, көп тоқыған Абайдың назарынан тыс қалмағаны анық. Оның үстіне жас кезінде-ақ орысша хат танығаны бар. Ол 13 жасында Семей қаласында медреседе оқып жүрген кезінде «Приходская школаға» түсіп, орысша оқиды. Бірақ бұл оқу үш айдан аспайды. Жас Абай ел билеу ісіне араласып кетеді. Оның орысша кітаптарды, орыс әдебиетін оқуға шындап кіріскен уақыты – жасы 30-дан асқан кезі. Абайдың Семейге жер аударылып келген Е. П. Михаэлиспен танысуы да осы тұста. Михаэлис Петербургте 60 жылдары студенттер қозғалысын ұйымдастырғандардың бірі болғаны үшін біраз жылдар айдауда Сібірде жүріп, кейінірек, 1869 жылы Семейге келіп орналасқан. Абай 1870 жылы Семей кітапханасында Л. Толстойдың «Русский Вестник» журналында басылған романын сұрап тұрғанда Михаэлис онымен сөйлесіп, екеуі сол жерде танысқан. Ал ондай кітапты оқу үшін орыстың әдеби тілін жақсы меңгерген адам болу керек екені анық. Бұл жылдары Абай қыс кезінде үш-төрт ай бойы Семейде жатып, кітапханадан әр түрлі   кітаптар   алып   оқып   жүреді.   Сонда Михаэлиспен жиі кездесіп, кеңесетін болған. Михаэлис те, сондай-ақ Семейге кейінірек жер ауып келген оның пікірлестері де жас адамдар болатын. Абайдың олармен таныстығы кешікпей үлкен достыққа айналады. Орыс достары Абайдың өз бетімен білім алуына ерекше назар аударып, зор көмек көрсетеді. Олар Абайдан қазақ халқының тарихы, поэзиясы, әдет-ғұрпы және өнері жайында көп мәлімет алады, өздеріне бейтаныс өлкенің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларын, әлеуметтік тұрмысын зерттейді.

Мешеу қалған қиырдағы өлкеге орыс мәдениетін тұңғыш таратушылар да, халықтың өмірі мен тұрмысын өзгертудің, оны ағартудың жақтаушылары да солар болды.           Сондықтан олар Абайға орыс халқының өмір-тұрмысынан әр түрлі мағлұмат берген болса, соның өзі оның орыс мәдениетін, әдебиетін еркін игеруіне себін тигізген деуге лайық. Ал әдебиет, тарих, қоғамдық мәселелерге тоқталсақ, Абайдың ой-өрісін, дүние-танымын кеңейтіп, шырқау биікке көтерген, әрине, орыстың жоғарыда айтқан А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов, В.Белинский, Н.Чернышевский, Л.Толстой, Н.Некрасов, И.Тургенев, М.Салтыков-Щедрин секілді ең көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын оқып, олардың озық ой-пікірлерімен тікелей танысуы екенін атап айтқан жөн. Осылайша орыс қоғамын идеялық тұрғыдан алға сүйреуші озық ойлы өкілдерінің қоғамдық-саяси көзқарастары мен әйгілі туындыларына молынан қаныққан Абай енді мешеу жатқан өз жұртына ой саларлық, үлгі аларлық, қоғамдық санаға түрткі боларлық сол саф дүниелерді ана тілінде сөйлете отырып жеткізуге бел буды.

Абайдың ұлылығы – өзінің өскен орта, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін меңгере отырып, орыс халқын өзіне өнегелі мектеп етуінде. Қараңғы феодалдық патриархалдық қоғамда өмір сүрген Абайдың сол заманда орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің жауһар туындыларын  терең танып, бағалай білуі ұлы ойшылдың ұлылығының жарқын бір көрінісі екендігіне дау жоқ. Абайдың үлгі-өнеге алған ең үлкен мектебі ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті болды. Сол мектептен үлгі алған ұлы ақын қазақ әдебиетінде үлгілі мектеп болды. Абайдың ең бір ұмытылмас еңбегі орыстың ұлы жазушыларынан өзі үлгі-өнеге алумен бірге, оларды қазақ халқына таныстырып, олардың еңбегін аударып өз еліне үлгі етуінде.

Баян Байдилдаева,

Қызылорда облысының тілдерді оқыту

орталығының ағылшын тілі бойынша курс оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<