Кемшіліктер қалпына келтіріледі

303

0

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерімен бірге облыс аумағына қарасты «Жалағаш – Жосалы» жолының жөндеу жұмыстарымен танысып, жұмыстың сапасын көрді. Ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сагинов бастаған жол құрылысының мамандары  жаңадан салынған жолды арнайы құрылғымен ойып алып, асфальттың құрамын тексерді. Тексеру барысында бірнеше кемшіліктер анықталды.

«Жалағаш – Жосалы» аудан­аралық маңыздағы асфальт жолы­ның жағдайы көп жылдан бері күр­меуі шешілмей келе жатқан мәсе­ленің бірі болатын. Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен, М.Шәменов, Далдабай елді мекен­дерінің тұрғындары үшін жол қатынасы айтарлықтай қиындық тудырып келді. Осы жолға 2018 жылдан бері орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, атқарылған жұмыстардың сапасыздығынан арада жыл өтпей-ақ, жолдың асфальтбетон жамылғысында жарық, шұңқыр пайда болып, шытынауы байқалған, яғни салынған жолдың қалыңдығы талапқа сәйкес келмейтіні анық­талып отыр. Осыған дейін орталық қызметкерлері аталған нысанға бірнеше рет тексеріс жұмыстарын жүргізіп, онда 60-тан астам жол-құрылыс материалының сынама үлгісін алған болатын. Нәти­жесінде, 23 материалдың тығыз­дық коэффициентіне сәй­кес келмейтіндігі белгілі болды.

Орталық басшысының айтуынша, орын алған кем­шіліктерге байланысты тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті орган­дар­ға хабарламалар беріліп, қал­пына келтіру талап етілген. Өз кезе­гінде мердігер жоғарыда атал­ған кемшіліктерді жолға қойып, құры­лыстың сапасын қалыпқа келтіруге жұмыс жасайтынын айтты.

Айта кетейік, жобаның жалпы құны – 736 млн теңге, жөнделетін жолдың ұзындығы 27 шақырым. Тапсырыс беруші – «Қызылорда облысы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы» ММ, ал мердігер – «KAISON Construction» ЖШС.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<