Кең ауқымды «Киік» акциясы

653

0

Киік – өзіне тән сұлулық пен мейірімнен жаратылған өзгеше жануар. Сол кереметтігімен қоса жер шарын мекен ететін осы аңның 95 проценті біздің ел аумағында өмір сүреді. 1992 жылдары кеңес өкіметі тараған тұста құрып кетудің сәл алдында тұрғандардың қатарында еді. Сол жылдары санақ кезінде бар болғаны он бес мың бастай қалған деседі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа, елдің бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөлшектері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынған.

Киікті қорғаушы мекемелердің, нақтырақ айтқанда «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлерінің аянбай еңбектенуінің арқасында былтырғы санақ бойынша 842 мың басқа жеткен. Бұл – киік төлдемей тұрғандағы санақ көрсеткіші. Қорғау жұмыстарының нақты нәтиже бергенін жоғарыда көрсетілген санынан байқауға болады.

Сәуірдің басынан ел аумағында киік санағы жүргізілуде. Жыл сайын сәуір-мамыр айларында киік төлдеу қарсаңындағы қорғау шараларының бірі «Киік» атты акция жүргізіледі. 15 сәуірден 15 мамырға дейінгі акция қарсаңында ішкі істер органы, аумақтық инспекция және шекара қызметкерлерінің қатысуымен жергілікті ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткен болатын.

Брифингте акция ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің бірлескен бұйрықтары негізінде жүргізілетіні, акция уақытында қорғау жұмыстарына «Охотзоопром» РМҚК тарапынан дрон, ұшқышсыз ұшу аппараттары, тікұшақтар және 20-ға жуық автотехника пайдаланылып, 40 инспектор жұмылдырылатыны туралы, атқарылатын жұмыстар баяндалды.

Облыс көлемінде 3 бағытта мобильді топтар құрылып, атап айтқанда «Қызылорда-Жезқазған», «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Түркістан» бағыттарында құзырлы органдармен бірлескен табиғатты қорғау жұмыстары жүргізілуде. Көрші Ақтөбе және Қарағанды облыстары аумағымен шекаралас аймақтарда киік төлдейтін бірнеше орын бар екенін ескере отырып, жергілікті тұрғындарды киікті (ақбөкен) бейберекет мазаламауға шақырамыз.

Темірбек СЕЙДАХМЕТОВ,

 «Охотзоопром» ӨБ РМҚК облыстық филиалының инспекторы