Кеңес Аслан – облыс бойынша экономикалық  тергеп-тексеру департаментінің басшысы

292

0

Кеше сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Қызылорда облысы бойынша экономикалық  тергеп-тексеру департаментінің басшысы таныстырылды.

Облыс әкімі жаңа басшының жауапкершілігі зор қызметіне игі тілектестігін білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы ретінде абыройлы қызмет атқарған Қайшыбеков Бақыт Сапарғалиұлы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде, Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығына сәйкес Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы лауазымына Кеңес Аслан тағайындалды.

Бүгінде барлық құқық қорғау органдарымен бірлесіп, аймақтың тұрақтылығы жолында, экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуда атқарылатын ауқымды міндеттер бар.

Бірінші, департаменттің құзыреті шегінде экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру амалдарын жүргізу. Екінші, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру. Үшінші, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бағытында қаржы пирамидаларының белгілерін алдын ала анықтау. Төртінші, қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік негіздері аясында Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен тиісті салалық басқармалар бірлесіп, кешенді іс-шаралар ұйымдастыруы қажет.

Асқан жауапкершілікті талап ететін салада Кеңес Аслан жоғары білімі мен мол тәжірибесін аймақтың игілігіне арнап, әлеуеті жоғары кадр ретінде экономикалық қылмыстарды анықтауға, олардың алдын алуға үлес қосады деп сенім білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Кеңес Аслан 1978 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінде бастап, әр жылдары қаржы секторында түрлі лауазымда қызмет атқарған. 2019-2020 жылдары Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің жедел департаменті жедел басқармасының аға уәкілі, басшысы болып жұмыс істеген. 2020-2023 жылдары Қаржы мониторингі агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2023 жылдың сәуір айынан Қаржы мониторингі агенттігі жедел департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<