«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтіп, оны кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық басқарма басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, салалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аймақтық ардагерлер қозғалысының белсенділері, БАҚ өкілдері және онлайн байланыс арқылы аудандық ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары өз баяндамасында ардагерлердің әлеуметтік, экономикалық, материалдық жағдайын жақсарту, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі, отбасы беріктігін сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы айтты.
– Ертеден жалғасып келе жатқан көрегендігіміз бен тектілігіміздің түп-тамыры ынтымақ пен сыйластықта екені даусыз. Сіздердің тәуелсіз елдің дамуы мен аймағымыздың өрістеп, көшіміздің алға басуы жолында атқарған ерен еңбектеріңіз халық жадында. Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың басында жүріп, ақыл-кеңестеріңізді айтып, қолдап келесіздер. Бұл – Сыр өңіріндегі ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшінің жарасымды көрінісі, – деді Н.Сақтағанов.
Зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Облыста зейнеткерлерді, бастауыш ұйымдарын біріктіретін облыстық кеңес ардагерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда, мәдени-көпшілік, спорттық шараларға тартуда жүйелі жұмыстар атқаруда. Дәстүрлі алқа мәжілісі қоғамда туындаған түйткілді мәселелердің оң шешімін тауып, жарқын іске бастамашы болатын диалог алаңына айналған. Бұл – Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жемісі.
Алқа мәжілісінде Арал аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әділбек Танымбетов, облыстық денсаулық сақтау саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Раиса Көзденова, Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Зағира Мұхамедова ұйымның атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері жайлы хабарлама жасады.
Алқа мүшелері Ш.Төребаев, С.Шермаханов, Ғ.Бекенов, С.Тұңғышбаев сөз алып, тақырып төңірегінде пікірлерін білдірді.
Қазір ең өзекті болып отырған бала денсаулығы, жастар тәрбиесі де ардагерлер назарынан тыс қалған жоқ. Осыған орай облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Жиын қорытындысында алқа мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»





