Кеңескен істе кемдік болмайды. Өңірдің экономикалық дамуында оң тенденция бар

394

0

Кеше VII сайланған облыстық мәслихаттың кезекті 17-сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде 15 мәселе қаралды. Алғашқы болып облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебі және биылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша Нұрлыбек Машбекұлының баяндамасы тыңдалды.

Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімінің тағайындалғанына үш айдан асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес  маусымның 22-30-ы аралығында аудандар мен Қызылорда қаласында халықпен кездесулер өткізіп, елдің тыныс-тіршілігімен танысты, азаматтардың мәселесін тыңдап, жеке қабылдаулар жүргізді. Қазіргі кезде тұрғындардың көтерген мәселелерін шешу жөнінде іс-қимыл жоспары бекітілген.

Аймақ басшысы осы мәселелерді айта келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін саралап өтті.

– Есепті кезеңде облыстың экономикалық дамуында оң тенденция бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,4 процентке, инвестициялар тарту 14,7, құрылыс жұмыстары 8,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер  11 және сауда 1,4 процентке артты. Дегенмен, өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері төмендеп келеді. Өйткені, өңірде мұнай өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Оның ең жоғары көлемі 2007 жылы 11,7 млн тоннаны құраған, биылғы болжам бойынша тек 3,5 млн тонна мұнай өндіруге болады. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,5 процентке артып, 52876-ны құрады. Биыл өңірге 373,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Осы орайда Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығында құны 654 млрд теңгенің 46 жобасын жүзеге асыру жүргізілуде, – деді облыс әкімі.

Жалпы Индустрияландыру бағдарламасы арқылы іске қосылған жобалар аясында шығарылған өнім көлемі  22 млрд теңгені құрап, 18,2 процентке артқан. Биылдың өзінде 9 млрд теңгеге 258 жұмыс орны құрылатын 5 жоба іске асырылады. Бүгінде шыны зауытының  қосу-реттеу  жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл өндірісте заманауи, толық автоматтандырылған технология пайдаланылатын болады, ол үшін жоғары білікті мамандар қажет. Алайда, елімізде шыны өндірісі саласында мамандар жеткіліксіз. Осы ретте қондырғыларды монтаждап, жергілікті мамандарды даярлау үшін 140 шетелдік маман тартылуда. Қазір оның 109-ы келген, қалғаны шілде айының соңында келеді деп күтілуде.

– Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдауға жыл сайын облысқа 15 млрд теңге көлемінде қаржы бөледі. Бұл аз қаржы емес, оны тиімді және мақсатты пайдалансақ, үлкен мүмкіндік бар. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егісі 185,6 мың гектарды құрады. Су тапшылығына қарамастан, күріш алқабын тәуекелге барып 78 мың гектар көлемінде ектік. Суды аз қажет ететін малазықтық дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 5,2 мың гектарға ұлғайтылды. Егінді әртараптандыру бағытында биыл 200 гектарға соя, 312 гектарға қант құмайы егілді. Өткен айда Мәжілістегі Парламенттік тыңдауға қатысып, депутаттар алдында су шаруашылығының өзекті проблемалары мен Арал теңізінің қазіргі ауыр ахуалын көтердім. Алдағы уақытта нақты қолдау шараларын жасаймыз.  Су тапшылығына байланысты Үкімет резервінен көмек ретінде 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, биыл барлық қаржы көздерінен жалпы ұзындығы 1034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау, 156  насос қондырғысын сатып алу, 87 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 322 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, су тапшылығының теріс салдарын төмендетуге мүмкіндік жасалды.

– Біз қазіргі кезде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін өзімізде өндіру үшін бос жатқан жерлерді икемдеп, егін егуге ынталы азаматтарға бөліп беруіміз қажет. Менің тапсырмаммен бұл жұмыстар барлық ауданда жүргізілуде. Нәтижесінде жоспардан бөлек, облыста 1433 гектар жерге қосымша егін егілді.  Биыл егіншілік саласына 4,3 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 4 млрд теңге қаржы қарадық. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мал шаруашылығы саласында өсім бар. Облыста ет 101,6%, сүт 101,9%, мал басы 103,5-114,0% аралығында өсті. Ендігі кезекте мал өнімдерін өндірумен бірге оны терең өңдеуге мән береміз, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Халықтың әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшемшарты – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту.

Бұл орайда әлемдік стандарттарға сай әуежайымыз да заманауи сипатқа ие болуы керек. Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен жаңа әуежайдың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Жыл соңына дейін құрылысы басталады.

– Мамыр айында өңірімізге Ұлттық экономика және Энергетика министрлері арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді. Соның бірі – құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салу. Жобаның іске қосылуы 2025 жылға жоспарлануда. Тағы бір мәселе – «көгілдір отынмен» қамту. Біз аудан орталықтарын толықтай газға қостық. Бүгінде табиғи газды облыс халқының 67 проценті тұтынады. Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталды, оның 7-ін осы жылы аяқтаймыз. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 8 елді мекен табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша, газ тұтынатын халық санының үлесі 68 процентке жетеді, – деді осы ретте облыс әкімі.

Нұрлыбек Нәлібаев сонымен қатар автомобиль жолдары, көше, көпір, тұрғын үй құрылыстарына да тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ілгерілеу де сөз болды. Мәселен, биыл 4350 орынға арналған 9 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 6-ы мемлекет қаржысынан, 3-і жеке инвесторлар арқылы салынған. Осы мектептердің 2-уі апаттық жағдайдағы білім ордаларының орнына бағытталған. Оған қоса, облыста пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан 6 мектепке күрделі жөндеу, 13 білім беру нысаны қазандықтарын газға ауыстыру және 2 мектептің бу қазандығын ғимараттан шығару жұмыстары жүргізіледі.  Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыс бар. Атап айтқанда, биыл Қызылорда қаласында облыстық қан орталығы құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 250 млн теңге бөлінген. Құрылыс келесі жылы да жалғасатын болады. Ал келер жылы құны 36,9 млрд теңгені құрайтын 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілмек.

– Біздің міндет – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді бюджетті қалыптастыру. Облыс бюджетінің әлеуметтік бағыттылығы сақталды, құрылымында әлеуметтік саланың үлесі 276,1 млрд теңгені немесе жалпы шығындар көлемінің 63,8%-ін құрайды. Облыс бюджеті субвенциялы екені барлығына мәлім, дегенмен, өз кірістерімізді жылма-жыл ұлғайту шараларын атқарудамыз, – деп нақтылай түсті  облыс басшысы.

Мұнан кейін биылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуына тоқталды. Облыс басшысы атап өткендей, ендігі жерде республиканың басқа облыстарында тіркелген, бірақ, негізгі қызметін біздің өңірде жүзеге асыратын компаниялардың облыста филиалдарын ашу барынша пысықталмақ. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға қатысты. Ал бюджеттің шығыс бөлігіне байланысты қандай мәселелер бар? Мұны да облыс әкімі таратып айтып берді.

– Халыққа қажетті инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету, яғни сумен, электрмен, газбен, жылумен жабдықтауға, жолдардың сапасына негізгі басымдық беріледі. Ал, енді нысандардың құрылысы және жаңғырту мәселелеріне талап күшейтілуде. Әсіресе, жобалардың қымбаттау түйткілдері түбегейлі қаралатын болады. Менің бастамаммен, құрамына облыстың білікті құрылысшылары, жобалаушылар,  депутаттар, белсенді қоғам қайраткерлері енгізілген арнайы облыстық Кеңес құрылды. Бұл Кеңес облыс аумағында жоспарланған құрылыс нысандарының жобаларын қарайды. Кеңестің оң шешімін алған жобаларға ғана тиісті қаржы қаралатын болады. Мұндағы мақсат – бюджет қаражатының тиімділігін, нәтижелілігін арттыру. Бүгінге дейін Кеңеске аудандардан 418 жоба ұсынылып, кеңес мүшелерінің қарауымен 306 жоба мақұлданған, 36 жоба тиімсіз деп танылған, 76 жоба  қосымша зерделеу үшін кейін қайтарылған. Мақұлданған жобалар алдағы уақытта тек бекітілген кезектілікке сәйкес жүзеге асатын болады, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, кезек күттірмейтін жобаларды атап, мәслихат депутаттарынан қолдау білдіруді сұрады.

Сессия алдында өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында күн тәртібіндегі мәселелер түгел қаралып, талқыланған болатын. Онда 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде облыстық тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Роман Мұсабеков, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай және облыстық мәслихаттың экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Талғат Жақыпбаевтың хабарламалары тыңдалды. Депутаттар Ибадулла Тілеп, Мейрамбек Жұмашев бөлінген қаржыны бақылауға байланысты сұрақ қойып, қаржыны игермегендерді жазалауды ұсынды. Депутат Аида Әбибуллаева инклюзивті орталық ашу жөніндегі ұсынысының қолдау таппай жүргеніне және облыстық балалар ауруханасы жанындағы оңалту орталығына туа бітті сал ауруымен ауыратын балаларға аса қажетті саналатын құрылғыны сатып алуға қаржы қаралмағанына қынжылыс білдірді.

Сессияда сонымен бірге облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық жалақыларына бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақыларын белгілеу мәселесі қаралды. Депутаттардың қызу талқысына түскен де осы мәселе болды. Бұл жөнінде облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай хабарлама жасап, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы қаулысына өзгеріс енгізілгенін, енгізілген өзгеріске сәйкес тиісті жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақыларын белгілеу құқығы берілгенін айтып, үстемеақыларының мөлшерімен таныстырды. Депутаттарды елең еткізгені де осы болды. Мәселен, жасалған жобада ұйым басшысы 17 еселенген базалық лауазымдық жалақыдан артық емес, ұйым басшысының орынбасары 14 еселенген, құрылымдық бөлімше басшысы 6 еселенген, қосалқы персонал және жұмысшы 6 еселенген, әкімшілік персонал  5 еселенген БЛЖ-дан артық емес деп белгіленген. Депутаттар онсыз да басшылардың айлық еңбекақысы қарапайым жұмысшыдан көп екенін, сондықтан 17 еселік үстемеақы беру әлеуметтік әділетсіздікке жол беретінін айтып, еселік көрсеткішті өзгертуді ұсынды. Алайда, сессия отырысында оның нақты мән-жайын аймақ басшысы түсіндіріп, бұл ұсынысқа қолдау білдіруді сұрады.  Облыс әкімінің айтуынша, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда да төмен жалақымен жүрген басшылар бар, сонымен бірге техникалық қызметкерлердің, атап айтқанда жүргізушілердің, өзге де қарапайым жұмыскерлердің айлығы өте төмен деңгейде. Сондықтан олардың айлықтарын тек осы ережемен ғана көбейту мүмкін болып отыр,  басқа жолы жоқ.

– Бұл жерде мәселе былай. Біз мемлекеттік немесе саяси қызметкерлердің жалақысына қаражат сұрап отырған жоқпыз. Бұл жерде төмен еңбекақымен жүрген жүргізушілерге, техникалық қызметкерлердің еңбекақысына қатысты болып отыр. Мәселен, осы мекемеде жұмыс істеп жүрген жүргізушілер, техникалық қызметкерлер 60-70 мың айлықпен жүр. Қазіргі кезде бұл өте аз. Олар да бізбен бірдей таңнан кешке дейін еңбек етеді. Бала-шағасы бар. Мұны әлеуметтік қолдау деп түсіну керек. Осы мөлшермен көбейткеннің өзінде жүргізушілердікі әрі кеткенде 150 мың теңгеге барады. Сондықтан қолдауларыңызды сұраймын, – деді аймақ басшысы.

Мұнан кейінгі кезекте күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды. Олардың қатарында «Қызылорда облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу», «Облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінің 2022 жылға арналған күнтізбесін келісу», «Облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту» және басқа мәселелер бар.

Сессияда ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, «AMANAT» партиясының мәслихаттағы фракция жетекшісі Ләйлә Төрешова, «Ауыл» партиясының мәслихаттағы партия жетекшісі Серікбай Өмірзақов сөз алып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<