Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кезінде өңірде басшылық қызметтерде болған еңбек ардагерлерімен кездесті. Кездесу санитарлық талаптарға сай шағын құрамда өтті.
Мұнда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов көкейде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды.
Қай кезде де алдыңғы толқын – ағалардың ұрпақтар сабастығын берік орнатуда орны ерекше. Қазыналы қариялар – парасаттылық танытып, салиқалы пікірін ортаға салып, қоғамдық өмірдің жандануына дәнекер болып отырған алтын тұғыр. Өңір басшысы осындай ой-сарабын сабақтай отырып, кездесудің негізгі мақсаты – алдағы бағыт-бағдарды, ортақ мәселелерді бірлесіп талқылау екенін жеткізді.
– Қазақ халқы әрдайым үлкенін құрметтей біледі. Алдыңғы буын ағалардың пікіріне құлақ асып, олармен үнемі кеңесіп отырған. Сіздердің өмірден түйген тәжірибелеріңіз көп, әрбіріңіздің Сыр өңірі үшін орындарыңыз бөлек. Еліміз өзінің жаңа тарихындағы ең күрделі сәттерді өткеруде. Қаңтардың алғашқы күндерінде тұтастығымыз бен елдігімізге нұқсан келтіретін жағдай болды. Бұл сәтте Мемлекет басшысы жедел әрі батыл шешімдер қабылдап, халқымыз сын сағаттан аман өтті. Президент 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тәуелсіз мемлекетімізді одан әрі дамытудың жаңа міндеттерін белгілеп, елімізде тарихи өзгерістер кезеңі басталғанын мәлімдеді.
Басты мақсат – күш-жігерімізді біріктіріп, бар қиындықтарды еңсеру және қуатты Жаңа Қазақстанды құру. Осы ретте өңірдегі алдыңғы толқын ағаларға, зиялы қауым өкілдеріне артылар жауапкершілік одан әрі күшейе түсетіні анық, – деді облыс әкімі.
Басқосуда медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов кейінгі аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықтың ажырап кеткеніне алаң білдірді. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызы зор. Бұл орайда алдыңғы толқын мен Жастар орталығының бірлескен жұмыстарын жандандыру қажет. Сондай-ақ, діни тұрғыда бағытынан адасып жүрген жастарға рухани тәлім-тәрбие беру ісіне де жете мән берген жөн.
Сондай-ақ, азық-түлік бағасына назар аударғанымыз артық емес. Кейбір күндерде облыс орталығында нан бағасына байланысты ала-құлалық байқалады. Оған қоса оның сапасы да сын көтермей жатады. Бұл орайда тиісті іс-шаралар қолға алынып, бұл мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жастардың ой-санасына әсер ететін түрлі ақпараттарға тосқауыл қойып, бірлікке үндейтін танымдық басқосуларды арттыру қажет деген ұсынысын ортаға салды. Дін мәселесіне байланысты да селсоқтық танытуға болмайды. Ол жастарды тәрбиелеу ісінде маңызды екені белгілі. Дегенмен, әзірге бұл бағытта бірқатар олқылық кездеседі.
Кездесуде ардагер Биғали Қаюпов қазір технологиялық өзгерістер қоғамында өмір сүріп жатқанымызға назар аударды. Осы орайда жастармен ашық дискуссия орнату қажеттігі туындап отыр. Елімізде нақты әрекеттерге негізделген «Жаңа Қазақстан» бастамасы қолдауға тұрарлық. Оған барлық буынның дайын болуы тиіс. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындауда білімді, парасаты биік азаматтарды тарту қажеттілігіне тоқталды.
Жиын соңында облыс әкімі ортақ мәселелерді бірлесіп шешуде әрбір ұсыныс ескерілетінін және барша тұрғындарды Президент ұстанымына қолдау білдіруге шақырды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<