Кеңесті елдің көші ілгері

584

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен аудандық қоғамдық кеңес төрағалары қатысты. Жиынды облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жүргізді.

Жиында  облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері туралы облыс әкімінің баяндамасы тыңдалды.

–     Ең алдымен баршаңызды көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алғыс айту – тек ризашылық білдіру емес, бұл – ұлы даланың игі дәстүрлерінен бастау алатын ізгіліктің жарқын үлгісі. Тәуелсіздікті бірге қалап, қиындықтарды қатар еңсеріп, жаңа, әділетті Қазақстанды құруға аянбай еңбек етіп жүрген Сыр халқына, барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деп бастады сөзін аймақ басшысы.

– Бүгінде Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру мен түрлі деңгейде шешімдерді талқылау және қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін айтатын, атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін белді және әлеуетті институтқа айналды. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асуының басты қадамдары деп айтуға болады. Дана халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар.  Бүгін міне, өздеріңізбен кездесіп, өткен жылды саралап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері туралы атқаратын жұмыстарды бөлісіп, ұсыныс-пікірлер мен қоғамдағы ортақ мәселелерді талқылау үшін жиналудамыз, – деді облыс әкімі.

Облыс өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша республика өңірлері арасында жоғары орындарға көтерілді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8, инвестициялар тарту  26,8, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,3, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,6 және сауда көлемі 2,3 пайызға артты. Сонымен қатар инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде бірінші орынға шықты. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 100,6 млрд теңгеге артты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық Бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 877 млрд теңгені құрайтын 30 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Биыл құны 13,4 млрд теңгені құрайтын 9 жобаның іске қосылуы жоспарлануда. Біз шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Былтыр орталықтандырылған жылу мәселесін шешу үшін «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қала аумағын жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін, 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы аяқталады. Түріктің «Коч Холдинг» компаниясымен Жаңақорған ауданында «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы басталмақ. Жоба құны – 50 млн АҚШ доллары. Инвестициялық жобалар бойынша біз жұмысты жетілдіре береміз. Осы бағытта желтоқсан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Өзбекстанға барған ресми делегациясының құрамында болып, бірнеше іскерлік кездесуге қатыстық. Өңірден барған кәсіпкерлермен бірге бизнес форумда ортақ жобаларды талқыладық. Сапар барысында Науаи облысының хәкімі Нормат Турсуновпен бірге екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін арнайы Жол картаға қол қойдық. Бүгінде Қызылорда өңірі мен Науаи облысы арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, тауар айналымын ұлғайту арқылы жаңа жобаларды іске асыруда ортақ мүдде бар, – деді Н. Нәлібаев.

Өңірде тұрғын үй құрылысын салу қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Былтыр мемлекеттік бюджет есебінен 9,1 млрд теңге бөлініп, 32 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 12-сі пайдалануға берілді. Ал биыл 23 тұрғын үй халық игіліне беріліп, барлығы 982 отбасына пәтер кілттері табысталады.

–     Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн теңге, барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен қолдау деп санаймыз, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының  заманға сай қайта жаңғыртылуын халық ұзақ күтті. Бұл жолдың ұзындығы 216 шақырым, биыл оның 100 шақырымнан астам бөлігін аяқтау межеленуде. Қалған бөлігі 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталып, халық игілігіне берілетін болады.

Қаладағы өзекті мәселенің бірі  – қоғамдық көлік түйіткілін шешу қолға алынды.  «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке жаңа 150 автобус алуға өткен жылы 1 млрд 434 млн теңге  бөлінді. Бүгінде барлығы 150 автобус келіп, қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Жолаушы тасымалы мәселесін түбегейлі шешу үшін биылға 1 млрд 434 млн теңгеге тағы 150 автобус алуға қаржы бөлінген. Осылайша, барлығы 300 заманауи, жайлы автобус ел игілігіне қызмет ететін болады.

–     Аймағымыз үшін басты сала – ауыл шаруашылығында да ілгерілеу бар. Өткен жылы 188,5 мың гектар жерге егін егілсе, оның ішінде негізгі дақыл – күріш 78,6 мың гектарға себілді. Су тапшылығы кезінді Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Каналдар тазаланып, гидротехникалық нысандар жөндеуден өткізілді. 156 насос қондырғысы алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 1,8 пайызға артып, 180,1 млрд теңгеге жетті. Биыл  ауыл шаруашылығы дақылдарын 195,6 мың гектарға егу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1 мың гектарға артық, – деді облыс әкімі.

Өңірде әлеуметтік салаға серпін беретін бірқатар мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

–     Осы ретте, ерекше атап өтуіміз қажет, биылға облыс бюджетін 520,7 млрд теңге көлемінде бекітсек, нақтылау нәтижесінде оның көлемі 542,3 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы бюджет көлемімен салыстырғанда 180 млрд теңгеге немесе 50 пайызға артық. Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып, оған бюджеттің 70 пайызы немесе 374,7 млрд теңгесі жұмсалмақ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында біз қай кезде де ашықтық қағидатын ұстанамыз. Былтыр құқық қорғау органдары басшыларымен, орынбасарларыммен барлық аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді бірге тыңдап, шешу жолдарын қарастырдық. Қоғамдық қабылдау кезінде өзім 600-ге жуық тұрғынның мәселесін сараласам, құқық қорғау органдары басшылары 400-ге жуық адамның ұсынысына құлақ асты. Осылайша 8 айдың ішінде облыс көлемінде барлығы мыңға жуық азаматтың мәселесі қаралды. Жеке қабылдау кезінде аса мұқтаж отбасыларға уақытша баспана беру, балалар еміне қайырымдылық қорлары арқылы көмектесу, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін алып беру, қоғамдық жұмысқа орналастыру сынды өтініштер сол жерде шешілді, – деді облыс басшысы. 

Жиында ұсыныс-пікірлерге де кезек берілді. Атап айтқанда, қоғамдық кеңес мүшесі Ерұлан Өмірсеріков ауылшаруашылығына, яғни, ауылға қаражат салып отырған инвесторлармен бірігіп, әр ауылды дамытудың қаржыландырылған өңірлік бағдарламасын жасауды ұсынды. Бұл ұсынысқа облыс әкімі өз пікірін білдірді.

– Президент ауылдарды дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде жұмыссыздық мәселесін шешу, ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ол үшін «Ауыл – ел бесігі» сияқты түрлі бағдарламалар бар. Жеңілдетілген несиелер беру де қарастырылған. Ауыл тұрғындары мал ұстап, оның басын көбейтуге, егін егуге ынталы болса, қолдауға дайынбыз. Ауылдарда өнім өңдейтін кәсіпорындар ашуымыз қажет. Ондай жобалар да бар. Тиісті бағдарламалар қабылданып жатыр. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Шағын цехтар ашуға ниетті азаматтарды қолдауға, оларға көмектесуге дайынбыз, – деді аймақ басшысы.

Отырыста Берік Саймағанбетов «Ұлттық жыраулық дәстүр орталығы» музейін ашу туралы ұсынысын жеткізсе, Жаңабай Бекішов өндірісті дамытуда кәсіпкерлерге «Байқоңыр» ӘКК арқылы 2-3 пайыздық несие беруді жолға қою керектігін айтты. Ал Сағатбек Қуанышбайұлы ІІ-ІІІ топ мүгедектеріне қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне жағдай жасалса деген ұсынысын ортаға салды.  Серік Теңізбаев «Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет – 112» жедел қызметі пилоттық жобасын тоқтату туралы ойын жеткізді.  Облыс әкімі бұл ұсыныстарға байланысты жан-жақты зерделеу, арнайы комиссия құру керектігін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<