Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы сақтандыру кеңсесі басшысы Скендер Сыламен, аталған ұйымның еліміздегі өкілдігінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісовамен кездесті.
Аймақ басшысы халықаралық ұйыммен ынтымақтастық еліміздің медицина саласының дамуына серпін беретінін айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен елімізде денсаулық сақтау саласына, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударылады.
Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен әріптестік байланысы өте жоғары деңгейге жетті. Соңғы жылдары мейіргер мамандар рөлі едәуір артты. Елімізде тәуелсіз мейіргер ісін дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, тұрғындарға қолжетімді, сапалы қызмет ұсынуға бағытталған маңызды қадам. Озық тәжірибелерді енгізу арқылы мамандардың кәсіби дамуы мен рөлі арта түсетініне сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Басқосуда Скендер Сыла ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі





