Қазалыда Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасы жаңа кейіпке ене түскендей. Екі аралықтағы жол бойына кейінгі жылдары салынған түрлі әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үйлер ерекше сән түзеп тұр. Әрине, бұл жаңашылдық аудан, облыс басшылығының тікелей ықпалымен жүзеге асып жатқаны айқын. Мұның ішінде ерекше атап өтерлігі – кент пен Қазалы қаласы арасын жалғайтын төртжолақты жол құрылысы.
Екі ара 7 шақырым болса, біз көрген бұрынғы жолдың жайы басқаларға да белгілі еді. Ені тар әрі жөндеуді қажет етіп тұрды. Үш жыл бұрын дәл осы жолға жоба-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттің оң қорытындысын алған еді. Аталған құжат бойынша мұнда жолдың ені бұрынғысынан ұлғайып, төртжолақты болмақ. Дұрысы, арлы-берлі көлік қатынасында еш кедергісіз байланыс орнамақ.
– Жұмыс жоспарына сәйкес, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын жалғайтын 7 шақырым жолдың ені әрқайсысы 3,5 метр болатын төрт жолақтан тұрады. Түнгі жарықтандыру үшін бағаналар да орнатылады. Қазір жол бойында орналасқан екі көпірді қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде. Темір-бетонды плиталары салынып жатыр. Сонымен қатар, жол бойындағы «Ақарық», «Шалабай» каналдарының су өткізгіш құбырларын қайта кеңейту жұмыстары да қатар жүруде. Нысан басында 100-ге жуық арнайы техника жұмыс істеуде, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Аталған құрылыс біткен соң автобус аялдамалары орнатылып, тиісті жол белгілері де қойылады. Ал төртжолақты жолды пайдалануға беру жыл аяғына жоспарланған.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<